Алматы орталық ауруханасының басшысы қызметінен кетті

Алматы орталық клиника ауруханасының басшысы Нариман Табынбаев үш науқас АИТВ инфекциясын жұқтырған соң қызметінен босатылды. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков хабарлады.

Иран Шәметеков Орталық клиника ауруханасының тағы бірнеше қызметкерінің қызметінен кеткенін айтты.

Қазіргі жағдайды ескеріп және комиссияның қорытындысы негізінде қалалық аурухананың бас дәрігері Нариман Табынбаев жұмыстан шеттетілді. Бас дәрігердің эпидемиология жөніндегі орынбасары, реанимация бөлімінің меңгерушісі, аурухананың бас медбикесі және реанимация бөлімінің бас медбикесі жағымсыз себептермен жұмыстан босатылды, — деді Иран Шәметеков.

Процессуалдық шешім қабылдау және әрбір қызметкердің жауапкершілік шарасын белгілеу үшін комиссия жұмысының қорытындысымен материалдар мен анықтамалар қалалық полиция департаментіне жолданды.

Қазіргі таңда АИТВ-инфекциясын жұқтырған үш науқас ЖИТС орталығына тіркелді, жеке емдеу режимі бойынша антиретровирус препараттарымен қамтамасыз етілді, оларға жергілікті бюджет есебінен барлық қажет медицина-психология көмек беріліп жатыр, — деді ол.