Құрғақшылықтан зардап шеккен диқандар несиені өтеу мерзімін ұзарта алады

«Бәйтерек» холдингі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға несие төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырады. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, еліміздегі 119 мың гектар көкөніс дақылы алқабының 70%-ке жуығы жақсы, ал, 14,4%-і немесе 24,5 мың гектарының жайы қанағаттанарлық.

Барлық дәнді дақылдың 8,3 млн гектарының жайы жақсы. Бұл — барлық ауылшаруашылық дақылының 50,2%-і, ал 7,2 млн гектарының, яғни, 43,7%-інің жайы қанағаттанарлық.

Майлы дақылдар көбірек зардап шекті, жайы жақсыларының шамасы — 43,6% немесе 1,4 млн гектар, қанағаттанарлығы – 47,7% немесе 1,5 млн гектар.

Әкімдіктердің жедел дерегі бойынша, қазірдің өзінде сегіз млн тоннаға жуық шөп дайындалды, бұл — жоспардың 32%-і. Өңірлерде 2023 жылы жем-шөп құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінді. 2022 жыл қорытындысы бойынша, Азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна астықтың жем-шөп қорын жасады. Қажет болса, бұл астық мал және құс шаруашылықтарына арзандатылған бағамен қолдау ретінде жіберіледі. Биылдан бастап алғаш рет жем-шөп жинау жұмыстарына жеңілдетілген бағамен дизельдік отынының қосымша көлемі бөлінеді, — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Кеңесте қалыптан тыс тыс аптап ыстықтың жағымсыз салдары басым болып отырған Павлодар, Ақмола, Қарағанды ​​және басқа да облыстардың әкімі тыңдалды.

Өңірлерде мал азығын дайындау қарқынын арттырып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жем-шөп бағасын тұрақты бақылауды тапсырамын. Сонымен қатар, кейбір аймақтағы құрғақшылықтың ықтимал әсерін ескере отырып, фермерлер несие төлемдерін кейінге қалдыруға өтініш бере бастауы мүмкін. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Қазагроқаржы» АҚ зардап шеккен шаруаларға несие төлеу мерзімін кейінге қалдыруға көмектесуі керек, — деді премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.