Елімізде қанша шетел азаматы жұмыс істейді?

2023 жылғы 1 шiлдедегi жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 762 шетел азаматы еңбек етеді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Мынадай санаттар бойынша шетелден жұмыс күшін тартуға рұқсат етіледі:

  • басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 537 рұқсат (бірінші санат);
  • құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 751 рұқсат (екінші санат).
  • Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Үшінші санаттағылардың саны — 6 598 адам, төртінші санаттағылардың саны — 833 адам.

Оған қоса маусымдық жұмыстарға 1 940 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 103 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 751 жұмыс беруші бар. Оларда 433,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл — қызметкерлердің жалпы санының 96%-і.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 204 адам (35%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 895 адам (13%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 346 адам (9%), өңдеу өнеркәсібі – 1 128 адам (7%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 850 адам (6% ), — делінген хабарламада.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер:

  • Қытай – 3 729  адам (25%);
  • Өзбекстан – 1 967 адам (13%);
  • Үндістан – 1 461 адам (10%);
  • Түркия – 1 454 адам (10%).

Ішкі еңбек нарығын қорғау үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілеп, бөледі. 2023 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қарай 0,24% немесе 22 260 мөлшерінде белгіленді.