«Halyk» қайырымдылық қоры Алматы облысындағы 500 отбасыға азық-түлік себетін үлестірді. Қор Қарасай, Жамбыл, Еңбекші қазақ, Іле, Талғар  аудандарында тұратын әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларды және ерекше күтім қажет балаларды тәрбиелеп отырған жандар мен көпбалалы аналарды қолдады.

«Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, бұл шара 2020 жылдан бері жүйелі түрде өтіп келеді.

Біз бағдарламаларымыздың шеңберінде қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерімен жиі қолдаймыз. Бұл бір реттік шара емес. Пандемия кезінен басталып, жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Қор 2020-2021 жылдың өзінде 2,5 миллиард теңгеден астам қаржыға 100 мыңнан астам азық-түлік жиынтығын таратты. Биыл бұл акция аясын кеңейтуді көздеп отырмыз. Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда өсіп жатқан 500 баланы мектепте дайындауды жоспарладық. Оқушыларға мектеп формасы және оқуға қажет құралдар беріледі, — деді Нариман Әбілшайықов.

«Halyk» қайырымдылық қоры

Қор ұжымы тұрмысы төмен отбасылардың тізімін жергілікті атқарушы орындардан алған. Көмекке мұқтаж отбасылардың үйіне барып, азық-түлік себеттерін табыстап шықты.

«Халық» қайырымдылық қоры тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жиынтығын кезең-кезеңімен ұсынып келеді.  Бұл қайырымдылық шарасының әлеуметтік маңызы зор. Күнделікті тұтынатын азық-түлікті ұсынып, отбасылардың  мұқтаждығын аз да болса да қанағаттандыру — халықтың бірлігі пен сенімін арттыруға қадам. Біз тек бірігу арқылы жаңа қоғамның гүлденуіне қол жеткіземіз! — деді қордың Алматы облысы филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Қордың қолдауына ие болғандардың бірі — Қарасай ауданы Бірлік ауылының тұрғыны Венера Қошаева. Ауыл шетінде үй жалдап тұратын Венераның бес баласы бар. Отбасының тұрақты табысы жоқ. Тұрмыстың тауқыметінен қажыған келіншек көмек қолын созған қайырымдылық қорына айрықша ризашылығын білдірді.

Фото: «Halyk» қайырымдылық қоры

Бұл азық-түлік үш-төрт айға жетеді. Макарон, қант, ұн, шай – біздің күнделікті қажеттіміз. Біздің қазіргі жағдайымызда азық-түлік алу — үлкен көмек. Осындай қолдау көрсеткен «Халық» қайырымдылық қорына алғысымыз шексіз!, — деді көп балалы ана.

Қор өкілдері мұндай көмек түрі жыл соңына дейін бірнеше рет ұйымдастырылатынын айтады.  Бұл қайырымдылық акциясы — қордың жүзеге асырып отырған игі істерінің бір тармағы ғана.

Айта кетейік, «Халық» қайырымдылық қоры 2016 жылы құрылған. Халық өмірінің аса маңызды салаларында — әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және білім саласында қайырымдылық жобаларын іске асырып келеді.

Жалпы алғанда, 2016 жылдан бері 45 млрд теңгеге қайырымдылық жасады. Әсіресе, пандемия кезінде елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген сәтте «Халық қайырымдылық қоры» көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек беру, медицина қызметкерлеріне ақшалай төлемдер және қажет жабдықтарды медициналық мекемелерге беру арқылы коронавирус инфекциясының салдарымен күресуге және жоюға бағытталған ауқымды жұмыс атқарды.