Басты бетЖаңалықтарЕлімізде балаларға...

Елімізде балаларға арналған барлық мемлекеттік мекеме тексеріледі

Премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева көтерген мәселелер бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ол жерде отбасыларға жан-жақты көмек беру мәселесін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарына бекіту тапсырылды.

Оған қоса ішкі істер министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, қолайсыз жағдайдағы отбасыларды ерте анықтайтын мобилді топтардың жұмысын заңнамалық тұрғыдан бекітуді пысықтау тапсырылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі отбасы, әйелдер және балалар мәселелері бойынша көмек беру үшін бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығын құрумен айналысатын болады.

Вице-премьер оқу-ағарту, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт министрліктеріне әкімдіктермен, Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен бірлесіп, балаларға арналған барлық мемлекеттік ұйымдарды (оңалту орталықтары, интернаттар, балалар лагерлері және тағы басқа) кезең-кезеңімен жөндеу, материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша тексеру жүргізуді тапсырды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова индустрия және инфрақұрылымдық даму, білім министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға облыс орталықтарынан тұрғын үй беру мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Тамара Дүйсенова балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды тапсырды. Түркістан облысындағы соңғы қайғылы оқиғаға байланысты әкімдіктерге ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, жазасын өтеп шыққан азаматтарды қайта әлеуметтендіру бойынша деректер қорын құру тапсырылды.