Астанада Есіл өзенін кесіп өтетін көпір салынады

Елордада Кенесары көшесінде Есіл өзені арқылы өтетін көпір салынады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жол жұмысы құрылысының барысымен және жол-көлік желісін дамытудың перспективалық жоспарымен танысты.

Қазір елордада бірқатар көпірлерді реконструкциялау және салу жұмысы жүріп жатыр: Тәуелсіздік көпірінің құрылысы, Алаш-Бөгенбай батыр тас жолы бойындағы жол өтпесін реконструкциялау, Пушкин көшесі бойындағы жол өтпесін жөндеу («Можайский» көпірі).

Сонымен қатар Тілендиев даңғылы-Шабал Бейсекова көшесінің қиылысында көлік айрығын салу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Ал Кенесары көшесінде Есіл өзенін кесіп өтетін көпірді (КазГЮУ университетінің ауданы) жобалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл көпірдің құрылысын келесі жылы бастауды жоспарлап отыр.

Биыл Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысын аяқтаймыз. Бұл көпір жолдардағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді: сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешіті ауданымен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен және т.б. көшелерін байланыстырады, — делінген хабарламада.

Биыл 70-тен астам көше салынып, жөнделеді. Жұмыстың бір бөлігі аяқталды.

Оған қоса биыл 400 жаңа автобус жеткізіледі. Олардың 90-ы қалаға келді.