Астана қаласы мен Қостанай облысында жалған ақша сатылған

Қостанай облысы мен Астана қаласында бес азамат жалған АҚШ долларын сатқан. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шарапиев С., валют тауып әкелумен айналысса, Қостанай облысының аумағында сатуды Жакупов Т. және Шаймердинов А., Астана аумағында таратуды ерлі-зайыпты Бердімұратовтар жүргізді, — делінген хабарламада.

30 000 жалған доллардың 28 600-і сотқа дейінгі тергеу барысында анықталып, тәркіленді.

Аталған қылмыстарды жасағаны үшін сотталушыларға «Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу» бабымен, сонымен қатар жәбірленушілерді алдау фактілері болғандықтан «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды.

Сот үкімімен Шарапиев С. ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде бес жыл алты айға, Шаймердинов А. мен Жакупов Т. орташа қауіпсіздік мекемесінде бес жыл алты айға дейін, Бердімұратовтар жұбайлары шартты түрде бес жыл екі айға бас бостандығынан айырылды.

ҚМА мемлекеттің қаржылық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін «көлеңкелі» экономика саласындағы қылмыстар фактілерін ашуға бағытталған іс-шараларды жалғастырады.