Биыл мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 244 миллиард теңге жұмсалды.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 30,2 миллиард теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.
Министрліктің мәліметінше, 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар саны шамамен 536,2 мың адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 198,2 мың адам болды.
Сонымен қатар мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5%-ке өсті, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қосымша орта есеппен 14,5%-ке индекстелді.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 1-топ үшін 89 248 теңге, 2-топ үшін – 71 398 теңге, 3-топ үшін – 48 681 теңге, — делінген хабарламада.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, биылғы бес айдың қорытындысы бойынша 92,2 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 59,6 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Төлемдердің мөлшері мыналарға байланысты:
- кейінгі екі жылдағы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс,
- еңбекке қабілетінен айырылу коэффициенттері,
- асырауындағы адамдар саны,
- міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 33 454 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша – 34 423 теңге болды.