Грантқа құжат қабылдау басталғалы 65 мың өтініш түскен

Грант конкурсына өтініштер қабылдау басталғалы бері талапкерлерден 65 мың өтініш келіп түсті. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, өтініштердің 25 мыңы алматылық жоғары оқу орындарына тапсырылған. Астананың оқу орындарында оқу үшін 12 мың өтініш қабылданса, 3,5 мың адам Қарағанды облысының университеттерінде оқуға ниет білдірген.

Талапкерлердің таңдауы ішінде ең көп сұранысқа ие бағыттар қатарында «Педагогикалық ғылымдар» (17 мың), «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» (12 мың) және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» (9 мың) қалып отыр.

Білім беру бағдарламаларының тобы бойынша ең көп өтініш «Ақпараттық технологиялар» — 7 мың. «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлауға» — 3,7 мың өтініш келіп түскен. Үшінші орында «Медицина», оны 2,8 мың талапкер таңдаған.

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтініштер қабылдау 20 шілдеге дейін жүргізіледі. Құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн форматта немесе жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта жүзеге асырылады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейді. Құжаттарды кез келген жоғары оқу орындары (орналасқан жері бойынша) арқылы тапсыруға болады.