Bugin Holding балабақша бүлдіршіндері үшін жаңа жобаны бастады

Еліміздегі ең ірі IT компанияның бірі Bugin Holding тек мектеп оқушыларына ғана емес, балабақша бүлдіршіндері үшін де жаңа жобаны бастады.

Бұл туралы компания басшысы Айбек Қуатбай Facebook-парақшасында жазды.

Ordagen-ге дейінгі тағы бір этапты қосу стратегиялық жоспарымызда бар еді. «Сабақты ине сәтімен» демекші, ойға алған жоспарымыз орындалып келе жатыр. Бұл — балабақша. Еліміздің болашағы жастар деп жатамыз. Олар бүгінде — бүлдіршін. Оларға берілетін тәрбиенің, білімнің, құндылықтардың сапасы келешекте ең маңызды рөлдерді атқарады, — деді Айбек Қуатбай.

Оның жазуынша, Bugin Holding компаниясы BabyBoom Education балабақшалар желісінің 43% үлескері атанған.

Фото: Bugin Holding

Сонымен қатар Bugin Holding директоры алдағы жоспарларын да бөлісті.

Ендігі жасалатын жұмыстар екі бірдей жобаның біріге алға басуына мүмкіндік сыйлайды: мектепке дейінгі ұйымдарды басқарудың кешенді LMS жүйесі жасалады; Ordagen-нің кітаптары мен ойындары оқу үдерісіне енеді. Bugin Holding және BabyBoom Education арасындағы ынтымақтастықтың басты мақсаты: заманауи ата-аналардың қажетіне жауап беретін жаңартылған, бірегей өнімді жасау. BabyBoom Education жақын арада ребрендиңге ие болмақ. Компания атауы Ordagen Kids болып өзгереді. Бұл балабақшалар желісіне заманауи IT-технологиялар арқылы оқытуға көбірек көңіл бөлуге, этникалық өзіндік сананы қалыптастыруға, сонымен қатар қазақ тілді ортаға енуге мүмкіндік береді, — дейді холдинг басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін компания мектеп жасына дейінгі балаларға арналған өнімдерді жақсарту үшін «МаМа» жобасының да үлесін алған.