Түркістан-Абу-Даби бағытында әуе рейсі ашылады

Биыл «Түркістан-Абу-Даби» бағытында әуе рейсі ашылады. Бұл туралы Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов мәлімдеді.

Түркістандағы халықаралық әуежайды дамыту, жұмысын жандандыру мәселесі талқыланды. Онда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов әуежайдың қазіргі жай-күйі мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндады.

Бүгінгі таңда Түркістан әуежайынан Ыстамбұл және Эль-Кувейт қалаларына халықаралық бағыт жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе және Орал қалаларына да тұрақты рейстер бар. Turkish Airlines, Jazeera Airways, FlyArystan, Scat, Qazaq Air және «Южное небо» әуе компаниялары қызмет көрсетіп жатыр.

Алдағы уақытта Түркістан қаласынан халықаралық әуе рейстерін ашу, Өскемен, Павлодар, Атырау, Көкшетау, Үшарал қалаларына субсидияланатын әуе рейстерін ұйымдастыру жоспарланған. Биыл қазан айында «Түркістан-Абу-Даби» бағытын ашу бойынша келіссөздер жүріп жатыр.

Басқосуда облыс әкімі Дархан Сатыбалды замануаи әуежайдың мүмкіндігі мен әлеуеті толық қолданылмай отырғандығына тоқталды.

Халықаралық және ішкі бағыттарды көбейту керек. Шетелдің ірі әуе компанияларымен байланыс нашар. Әуежай жұмысын туризм саласымен байланыстыра дамытуды ұсынамын. Жауапты басқармамен бірлесе жұмыс атқарып, туристер санын арттырған жөн. Түркістан халықаралық әуежайының логистикалық әлеуетін де арттырып, жүк тасымалын ұлғайту маңызды. Әуежайдың даму жоспары, стратегиясы болуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, Түркістан әуежайының жолаушылар ағыны 2022 жылы 373,8 мың жолаушыны құраған. Оның ішінде 81,3 мың адам халықаралық рейспен ұшса, ел ішінде 292,5 мың жолаушы тасымалданған. Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 24%-ке артқан. Жолаушылар тасымалы бойынша Түркістан әуежайы республикада 7-орында тұр.