Алматыда әл-Фараби даңғылындағы көпір қашан пайлануға беріледі?

Алматыда әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпірді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұл туралы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев айтты.

Оның айтуынша, көпірде қайта жөндеу жұмыстарын бастамас бұрын 2022 жылы арнайы зерттеу жүргізілген.

Зерттеулер көпір құрылымының апатты жағдайда екенін көрсетті. Мұндағы тіректердің қисаюы шамамен 15 сантиметр болады, соған байланысты оқу маусымы аяқталған соң көпірді қайта жөндеу жұмыстары басталды, 1 қыркүйекке дейін жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді Сағындық Телібаев.

Көпір құрылымын қайта құру үш кезеңде жүзеге асырылады, көпірде барлығы 96 тірек бар, бүгінде 27-сі ауыстырылды.

Аптаның соңында тіректерді орнату жұмыстары жүргізілген учаскеде көлік қозғалысын ашамыз. Бүгінгі таңда асфальтбетон жабындысын гидрооқшаулау және төсеу үшін тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Апта соңында көпір құрылымының осы бөлігінде көлік қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз, содан кейін көпірдің ортасы жабылып, екі жақтан қозғалыс екі жолақпен ұйымдастырылады, — деді спикер.

Сонымен қатар бұл нысанда жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті өткелінің құрылысы қарастырылған.

Бұған дейін бұл учаскеде жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі болмаған, адамдар көліктерге арналған көпір арқылы жолды кесіп өтетін. Бұл жаяу жүргіншілер үшін үлкен қауіп төндірді, өйткені әл-Фараби даңғылының бойындағы жылдамдық сағатына 80 шақырым. Көпірді қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін жаяу жүргіншілер бөлек жүреді, — деді Сағындық Телібаев.