Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел қызметкерлері Алматыда қоғамға қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті.

Арнайы операция кезінде ұйымдасқан қылмыстық топтың бес белсенді мүшесі ұсталып, олардан Калашников автоматы, Макаров тапаншасы, жауынгерлік граната, тегіс ұңғылы «шолақ» мылтық және синтетикалық сипаттағы есірткі заты тәркіленді.

Топ мүшелері денсаулыққа ауыр зиян келтіру, аса ірі көлемде есірткі затын сату мақсатында сақтау, қару мен оқ-дәріні заңсыз тасымалдау және сақтау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген.

Үш күдікті тергеу сотының рұқсатымен қамауға алынып, қалғандарына қатысты қажетті тергеу іс-қимылдары жүргізіліп жатыр. Қолданылған шаралар Алматының қылмыстық ахуалын жақсартуға және қылмыстық ортаның қоғамға әсерін әлсіретуге бағытталған. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейді.