Президент Шавкат Мирзиёевті сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті Өзбекстан Республикасының президенті сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы дауыс беру қорытындысы елді орнықты дамытуға, оның тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуге бағытталған Өзбекстан президенті ұстанымының жалпыхалықтық қолдауға ие болғанын айқын көрсетеді деп айтып өтті.

Әңгімелесу кезінде президент қазақ-өзбек қатынастарын стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

Мемлекеттер басшылары бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жүзеге асыру мәселелері жөнінде пікір алмасты және алдағы екіжақты іс-шаралар кестесін қарастырды.