Астана — жас әрі қарқынды дамып келе жатқан қала. Дегенмен осы даму процесі аясында қаланың экологиялық мәселелері кейде ұмыт қалып жатады.

Бұл ретте осы түйткілдерді шешуге, қоғам назарын осы мәселеге аударуға  ат салысып жүрген жандар бар. Сондай азаматтардың бірі — талантты мүсінші, кинетик Әнуар Шаймергенов. Өнер иесінің қолынан шыққан туындылары көпшіліктің көңілінен шығып, оң бағасын алып жүр.

Фото: Jusan Bank

Әнуар Шаймергенов — материалдардың түрі мен пішіндердің формасын таңдау арқылы батыл тәжірибе жасап жүрген мүсінші. Ол өзінің кинетикалық инсталляцияларымен танымал. Оның ішінде елордадағы Kulanshi галереясында өткен көрмеде шебердің жұмыстары көрермендер тарапынан қолдау тауып, оң бағаланған еді. Аталмыш дүниелер келушілердің назарын аудартып қана қоймай, бизнес өкілдерінің де қызығушылығын тудырды.

Бала кезімнен түрлі қолөнер құрылғыларын танып, біліп өстім. Бұл жолда маған ұстаз болған адам — әкем.  Сол кезден-ақ, түрлі жобаға қатысып, айдаһар, өрмекші, шаян бейнесіндегі сөмкелерді жасайтын едім. Ойын-сауық экспонаттары мен батырлардың ұлттық киімдерін де әзірлейтнімін. Шығармашылыққа деген құштарлығым кинетикалық инсталляциялар жасауға әкелді, —  дейді Әнуар Шаймергенов.

Фото: Jusan Bank

Әнуардың шығармашылығына үлкен серпіліс әкелген жоба – Астана күніне арнап жасаған кинетикалық экспонаты. Қоршаған ортаның ластануы мәселелеріне алаңдаған шебер, осылай, теңдессіз бұйым әзірлеп шығарды. Басты идея – өнер туындысына қала тұрмысындағы қалдықтарды қолдану. Осылай, ол табиғат пен қалалық өмірдің әдемі үйлесімділігін сипаттап отыр.

Байқау гүлдер мен экология тақырыптарына байланысты болғандықтан, қаланы көгалдандыру шараларына ерекше тоқталғым келді. Меніңше, табиғат пен қала үйлесімді өмір сүруі керек. Қолына қоқыс арасында өсетін гүл ұстаған робот — мүсін адамдарды үміт отын өшірмеуге үндеп, көрермендерді толғандырады.  Ісімді жетік білемін, тәжірибем де жетерлік. Бірақ бұл жұмысты дайындап жатқанда біршама техникалық түйткілге тап болдым. Бұл мен үшін шығармашылық демалыс іспетті. Қуаныш пен шабыт, ләззат әкелетін жоба. Келешекте де осы жұмыстарды жалғастырғым келеді, — деді Әнуар Шаймергенов.

Фото: Jusan Bank

Мүсінші осы туындысы арқылы елорда күніне орайластырылған «Гүл шаһары – Астана» деген жарысқа қатысып жатыр. Сайыстың жеңімпазы алдағы күндері анықталады. Ал Әнауар байқаудың нәтижесін емес, көрермендер қолдауын  асыға күтіп жүр.

Қандай да бір өнер туындысы адамдар бойына эмоция сыйласа, мен үшін басты жеңіс — сол. Мәселен, көрермендер экспонатты талқылап, қызығушылықпен тамашалап, ол туралы болжам жасай бастаса, оның өзі жақсы деген сөз. Өнер – қарым-қатынастың ең әмбебап тілі, мен адамдармен шығармашылық арқылы араласқанды ұнатамын, — дейді Әнуар өзінің байқауға қатысуы туралы.

Осы орайда, автор өз идеясын жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсеткен Jusan Bank-ке де алғысын айтты.

Осы мүсінді жасауға Jusan маған жан-жақты қолдау көрсетті. Осындай ірі қаржы ұйымының заманауи өнерге көңіл бөлетінін шынымен бағалаймын. Банктің бас кеңсесіндегі Jusan Vibe галереясы бизнес пен өнердің өзара әрекеттеуінің керемет үлгісі болса керек, — деді ол.

Фото: Jusan Bank

Әнуардың ойында әлі көптеген идея мен жобаларды жүзеге асыру бар. Технологиялар келешекте табиғатты сақтауға және оны қалпына келтіруге қызмет ететініне сенімі мол. Суретші өскелең ұрпақты қоршаған орта мен табиғаттың маңызы туралы ойлауға шабыттандырамын деп үміттенеді. Сол себепті  шығармашылық ойлау мен мәдениетті дамыту үшін байқауларды жиі ұйымдастыруға шақырады.

Менің мақсатым — жоғары нәтижелерге қол жеткізу, әлемдік деңгейде танылу және замандастарыма шабыт беру. Нағыз таңғажайып өнер туындыларын жасайтын түрлі кәсіби жабдығы бар үлкен технологиялық шеберханам болғанын армандаймын. Бұл азаматтардың қоршаған ортаға тек оң әсер етуін түсінуге көмектеседі, — деп сөзін түйіндеді Әнуар.