Жамбыл облысында құрғақ шөп өртеніп жатыр

Жамбыл облысында таулы жерде өрт шықты. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 3 шілдеде сағат 17.30-де Рысқұлов ауданының Шолақ Қайыңды ауылынан 12 километр таулы жерден шыққан.

Тау басында құрғақ шөп жанған. Қазіргі кезде өрттің жалпы ауданы анықталып жатыр, — делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға орнында департаменттің жеке құрамынан 45 адам мен алты арнайы техника, ерікті өрт сөндіру құралымдарынан 30 адам және бес техника, орман шаруашылығынан 30 адам және екі бірлік техника жұмылдырылды.

4 шілдеде сағат 7.15-те жетуі қиын жердегі өртті сөндіру үшін жеке құрамды жеткізу үшін «Қазавиақұтқарудың» ЕО-19 АҚ тікұшағы өрт аумағына шықты, — делінген хабарламада.