Батысқазақстандық БАҚ өкілдері кәсіби мерекені тойлады

29 маусым күні батысқазақстандық БАҚ өкілдері «Атамекен» өнер ордасында кәсіби мерекелерін салтанатты жағдайда атап өтті. Қаламгерлер қауымын құттықтауға өңір басшысы Нариман Төреғалиев келіп, құттықтап сөз сөйледі.

Осыдан төрт жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні ретінде ресми бекітілген болатын. Өңірімізде мерекеге орай салтанатты жиындар, медиа-форумдар мен түрлі спорт түрінен дәстүрлі спартакиада ұйымдастырылып келеді. Биыл журналистер шағын футбол, бильярд, боулинг, шахмат ойындарынан өзара сынға түсті.

Ал, бүгінгі мерекелік шараның барысында өңірімізге еңбегі сіңген журналист, Ұлы Отан соғысы ардагері, облыстың «Орал өңірі», «Приуралье» бас газеттерін басқарған Хабер Нұрмұхамедовтың есіміне ескерткіш тақта ашылды. Журналистерді ұлықтаған мұндай тағылымды шара облысымызда тұңғыш рет жүзеге асуда. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы.

Фото: БҚО әкімдігі

Облысымызда 75 бұқаралық ақпарат құралдары (6 телеарна, 53 газет, 14 журнал және 2 ақпараттық агенттік) бар. Қарапайым халықтың «құлағы, көзі, Һәм тілі» болуы үшін журналистік этика тұрғысынан кәсіби орта қалыптасып, шынайы, әділ, қоспасыз  ақпарат таратуға ұмтылу қажет. Сонда ғана әрбір журналист абырой биігінен көрініп, қоғамымыз алға дамиды, — деді салтанатты жиында сөйлеген сөзінде өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Салтанатты шарада жергілікті бір топ БАҚ қызметкерлері мен ардагерлері түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен облыстық «AQJAIYQ» телеарнасының редакторы Тәтті Өтеғалиева, облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлбаршын Әжігереева марапатталды.

ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрінің «Құрмет» грамотасына Асқар Құсайынов (Жәнібек аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі), Андрей Грабарев («ТДК-42» телеарнасының бейнеоператоры), Наталья Портнягина (республикалық «Казахстанская правда» газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі) ие болды.

сахна, би, өнер, концерт
Фото: БҚО әкімдігі

ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрінің «Алғыс хатын» Жұмажан Сүндетов (облыстық «Самал» балалар газетінің редакторы), Болат Жарылғасов («Хабар» телеарнасы облыстық қосынының операторы) алды.

«БҚО үздік ақпарат қызметкері» медаліне Өмірзақ Ақбасов (ақын, Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетін ұзақ жыл басқарған ардагер-журналист), Асыланбек Ғұбашев (облыстық «Aqjaiyq» телеарнасын ұзақ жыл басқарған ардагер-журналист), Тоқтар Кенжеғалиев (облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы), Нұртай Текебаев (облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары), Әділет Орынбасаров (Теректі аудандық «Теректі жаңалығы – Теректинская новость» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы) лайық деп танылды.

Батыс Қазақстан облысы журналистика саласының дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің алғыс хаты және қаржылай сыйақымен Қазбек Қабжан (республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі), Мира Шүйіншалиева («Жайық үні» газетінің бас редакторы), Еркін Карин («Астана» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі), Светлана Аманова (облыстық «Приуралье» газетінің тілшісі), Жандос Хамза («ТДК-42» телеарнасының тілшісі), Гүлжамал Кенжеғалиева (облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі), Шынар Молданиязова (Сырым аудандық «Сырым елі»  қоғамдық-саяси газетінің тілшісі) және т.б. марапатталды.