Мемлекет басшысы отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты пікір айтты.

Мемлекет басшысы кейінгі жылдары отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық статистикасы көңіл көншітпейтінін мәлімдеді.

Кейінгі екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам қайтыс болды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 дерегі және орташа зиян келтірудің 808 дерегі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасындағы және тұрмыстағы ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни, біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді. Бұл мәселе әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды. Көптеген әлеуметтік кеселдің түп-тамыры, соның ішінде қылмыс көбіне тұрмысы нашар отбасылардан бастау алады. Мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алады және атқаруы қажет, — деді президент ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде.