Парламент депутаттары каникулға кетті

Парламент депутаттары бірінші сессияның жұмысын аяқтап, каникулға кетті.

Бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында сегізінші сайланған парламенттің бірінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы мәселе қозғалды.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бірінші сессияның жұмысын қорытындылады.

Бірінші сессия небәрі 100 күнге созылды. Қысқа болғанымен, атқарылған міндеттер бойынша бұл сессияның жұмысы өте маңызды әрі мазмұнды болды. Сессияның ашылуында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қызметіміздің негізгі бағыттарын айқындап берді. Олар іс жүзінде жүзеге асырылып, парламентте қаралған заң жобаларының негізіне айналды. Бұл сессия барысында палаталардың үш бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті, — деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы парламенттің қарауында 82 заң жобасы болғанын, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға президент қол қойғанын айтып өтті.