Қазақстан мен Люксембург арасында тұрақты әуе рейстері ашылады

Қазақстан мен Люксембург тұрақты әуе тасымалы жөніндегі меморандумға қол қойды. Келісім бойынша елорда арқылы апта сайын транзиттік авиарейстердің санын үш есеге арттыру жоспарланған.

Бұл туралы азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Индустрия және инновациялық даму министрлігі мен Люксембургтің билік өкілдері екі ел арасындағы әуе қатынасы туралы меморандумға қол қойды.

Бұған дейін тек чартерлік рейстер ғана болған. Енді тұрақты әуе тасымалдары жолға қойылады. Сонымен қатар бұрын Люксембургтен орындалатын рейстер аптасына жеті рет болса, енді осы меморандум арқылы олардың көлемі 21-ге дейін ұлғаяды. Бұл – негізгі келісім. Франция мен Финляндиядан кейін Люксембургпен «ашық аспан» ережелері аясында ашықтықтың  бесінші деңгейіне қол жеткізіп отырған үшінші ел саналады, — деді индустрия және инновациялық даму министрі Марат Қарабаев брифиңде.

Министрдің айтуынша, осы келісім Қазақстанның авиация саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, еліміздің Еуропа мен Оңтүстік-шығыс Азия арасындағы кеңістіктегі негізгі транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтады.

Жаңа транзиттік рейстерді тарту қазақстандық авиаторлардың кәсіби құзыреттерін арттыруға септігін тигізеді. Бұл кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер береді. Айталық, Қазақстанның нарығы сұранысқа ие тауарлармен қамтылады. Сонымен қатар Астана арқылы Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қажетті өнімдер жеткізіледі, — деді Марат Қарабаев.

Аталған компанияның Астанаға алғашқы рейсі 1 мамырда жасалған. Қазір Cargolux елордалық әуежай арқылы Люксембургті Қытай және Жапониямен байланыстырып, аптасына жеті рейсті орындап келеді. Үкіметаралық келісім шеңберінде алдағы уақытта екіжақты тұрақты жүк рейстерін аптасына 42-ге дейін ұлғайту көзделген.

Біз осы меморандумды жасасуды құп көрдік. Өйткені, Қазақстанның астанасындағы әуежай арқылы өтетін жүк рейстерінің жиілігін арттырамыз. Болашақта бұл Еуропа мен Азияны байланыстырып, Астана әуежайы арқылы жеткізілетін жүк тасымалы көлемінің артуына әсер етеді үміттенеміз, — деді Cargolux авиакомпаниясының президенті Ричард Форсон.