Астана — Уфа бағытында тұрақты рейстер қайта ашылады

Ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейс санын ұлғайту жұмысының аясында азаматтық авиация комитеті Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы әуе қатынасын кеңейту мәселесін пысықтады.

Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Осылайша Red Wings әуе компаниясы 25 шілдеден бастап Астана – Уфа бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін қайта бастайды.

Тасымал Sukhoi Superjet-95 типті әуе кемелерінде сейсенбі және жұма күндері аптасына екі рейс жиілігімен орындалады. Әуе қатынасын жаңғырту елдер арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді, — делінген хабарламада.