Белгілі ауыр атлет Владимир Седов қайтыс болды

Қазақстандық спортшы Владимир Седов 35 жасында мезгілсіз қайтыс болды. Қаралы хабарды Қазақстан ауыр атлетика федерациясы жеткізді.

Кеше кешкісін тәжірибелі ауыр атлет Владимир Седов дүниеден өтті. 2008 жылғы олимпиада қатысушысы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және рекордсмені Владимир Седов бала кезінен спортқа шын берілген жан еді. Ерекше жетістіктері үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. Ауыр атлетика федерациясының ұжымы Владимирдің отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады, — деп жазады федерация Facebook-парақшасында.

Владимир Седов 1988 жылғы 2 наурызда Үштөбеде дүниеге келген.

Седовтар әулетінде төрт бала бар. Владимир жастайынан спортпен айналысқан.

Ағасы Сергей Седов жаттықтырушылықпен айналысады, Алматы облысы ауыр атлетика федерациясының жаттықтырушысы болған. Қазір ауыр атлетикадан Қазақстан ерлер құрамасының бапкері.

Владимир Седов Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері еді.