Бибісара Асаубаева ФИДЕ-де рейтингі ең жоғары шахматшыны жеңді

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлем мен Қазақстан әйелдер құрамалары арасындағы алғашқы кездесуде шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы қытайлық Хоу Ифаньді жеңді.

Бұл туралы Instagram-дағы Аlga.peterburg парақшасы хабарлады.

Әзірге ойындағы есепте әлемнің жұлдызды командасы алда келеді, бірақ біздің Бибісара Асаубаева шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы қытайлық Хоу Ифаньді жеңілгенін мойындауға мәжбүр етті. Бибісара ФИДЕ-де рейтингі ең жоғары шахматшыны жеңді! Бұл — нағыз сенсация! Бибісара 2021 жылы блицтен шахмат тарихындағы ең жас әлем чемпионы болды, соның арқасында ол Гиннестің рекордтар кітабына енді, ал 2022 жылы блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанды! Бүгінде Бибісара бізді керемет жаңалықпен қуантып жатыр, бұл шынымен де тамаша жеңіс!, — делінген хабарламада.

Еске салайық, Бибісара Асаубаева Нью-Делиде өткен ФИДЕ гран-при турнирінде екінші орын алған еді.