Майгүл — 49 жаста. 16 жылдан бері үйде бала тәрбиелеп отыр. Енді жұмысқа шыққысы келеді. Дегенмен жасына байланысты жұмыс таба алмай, қиналып жүргенін айтады.

Жоғары білімім жоқ екені және көптен бері жұмыс істемегенім рас. Сол себепті көбіне диплом қажет етпейтін саланы қарастырамын. Дегенмен көп жерде жастарды жұмысқа алуға тырысатынын байқадым. Әрине, жасымды «бетіме басады» демеймін, бірақ бір мейрамхана әкімшісі «ренжімеңіз, біз тек жастарды аламыз» деген. Мұндай мысал көп, — дейді Майгүл.

Әлеуметтік желідегі вакансия скрині

Ал 21 жастағы сату маманы Нұрдана Айтуар — әріптестерінің ең кішісі. Нұрдана өзін эйджизмнің құрбаны санайды. Өйткені әріптестері оның жасы кіші екенін айта отырып, артық жұмыс істеуге мәжбүрлейтін көрінеді.

Жұмысқа алғаш кіргенімде түскі аз кезінде «Шайды Нұрдана қойсын, өзі жаңадан келді әрі жасы кіші екен» деді. Ол уақытта аса мән бермедім, себебі бар мақсатым әріптестеріммен тез тіл табысу еді. Уақыт өте келе, олардың бұл әрекеті жиілегенін байқадым. Жұмыста 20 жастағы тағы бір қыз бар. Басқа әріптестеріміз офисте шай қоюды, артынша үстел жинауды, ыдыс-аяқ жууды екеуімізге артып қойған. Бірде бастық жұмыс көп екенін айтып, кешке дейін қалсаңыздар деп өтінді. Сол кезде де әріптестерім «Сендердің үйде күтіп отырған күйеуің, балаң жоқ, жассыңдар ғой» деп жұмысты бізге тастап кетті. Сонда жасы кіші адам шаршамай ма? Біздің жеке өміріміз жоқ па? — дейді Нұрдана Айтуар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша, жер бетінде әрбір екінші адам эйджизм (адамды жасына қарай алалау) көзқарасын ұстанады екен. Майгүлдің де, Нұрдананың да оқиғасында эйджизм белгілері бар. 

Эйджизм ұғымы

Эйджизм — адамды немесе бір топ өкілдерін жасына қарай алалау, дискриминациялау немесе олар туралы стереотип көзқараста болу. «Эйджизм» ұғымын алғаш 1969 жылы АҚШ-тың қартаюға қатысты ұлттық институтының директоры Роберт Нил Батлер енгізді. Бастапқыда ол бұл терминді тек егде жастағыларға қатысты проблеманы көрсету үшін қолданған. Себебі ол уақытта қарт адамдар кәрілік деменциясы, қатал көзқарасы, психика мен әлеуметтік ерекшелегіне қарай дискриминацияға ұшыраған. Тіпті сол кезеңдегі батыс қоғамында «эйджизм» маңызды саяси проблеманың біріне айналды. 

Дегенмен көптеген халықаралық ұйым бұл проблеманың әлі күнге дейін жаһандық деңгейде өзекті екенін айтады. БҰҰ-ның 2020, 2021 жылдағы баяндамаларына дәл осы «эйджизм» тақырыбы арқау болған. 

Мысалы, БҰҰ-ның тәуелсіз эксперті Клаудия Малер 2020 жылы «Қарттардың барлық адам құқығын пайдалануы» деген баяндамасын жариялады. Онда ол пандемия кезінде егде жастағы адамдар эйджизмге көп ұшырағанын жазды. Эксперттің сөзіне қарағанда, COVID-19 инфекциясы тарағанда қоғам егде жастағыларды «ауыр жүк» ретінде көре бастады, оларға медицина жән әлеуметтік көмек дұрыс берілмеді. 

Ал 2021 жылы жарияланған баяндама авторлары бұл тенденцияның әлі де бар екенін анықтаған. Олар әлеуметтік жағдайы төмен елдерде қарт адамдар жасына қарай жиі алаланатынын байқаған.

Дегенмен бұл «эйджизм» термині тек егделерге қатысты дегенді білдірмейді. Қазіргі уақытта ұғым жалпыға ортақ қолданылады. Себебі кез келген жас өкілі эйджизмнің құрбаны болуы мүмкін.

Эйджизмнің түрлері мен белгілері

Психолог Гүлжан Амангелдиеваның айтуынша, эйджизмнің белгісі көп, бірақ адамдар көбін тәрбиесіне, менталитетіне, салт-дәстүріне байланысты байқамайды. Эйджизмнің төрт түрі бар: джейнизм, эдалтизм, ювенал эйджизм, хроноцентризм.

Джейнизм — егде жастағыларды алалау. Бұл — жоғарыда Батлер қарастырған проблема. Мысалы, қарт адамдар көбіне жұмысқа орналасқанда қиындыққа тап болады екен. «Авито Работаның» зерттеуі бойынша, ресейлік жұмыс берушінің 17%-і тамаша үміткер болса да, 45 жастан асқан адамдарды жұмысқа алмайтын болып шықты. 

Мысалы, жасы үлкен кісілер өзіне жар іздесе, қоғам оған сұмдық жайт сияқты қарайды. Әсіресе 65-75 жасқа келген әйелдер қайта тұрмыс құруды қаласа, қоғам оның бұл шешімін құп көрмей «бала-шағасы бар, немерелері жүр, бұл жаста не керек» деп сынап жатады. Бұл — эйджизм белгісі, — дейді психолог.

Сонымен қатар қоғамда медицина көмегі кезінде де джейнизм белгілері бар екені байқалады. Эксперт Клаудия Малердің айтуынша, дәрігерлер қарт адамның денсаулығын қарағанда оның жағдайын көбіне жасы келді деп байланыстырғанға әуес.

Гүлжан психолог
Гүлжан Амангелдиева. Фото жеке архивінен

Эдалтизм — жастарды алалау. Бұл бойынша жас адамдардың қандай да бір шешім қабылдау, көзқарасын айту, ақпарат алу сияқты барлық адамға тән құқығын шектейді. Оған қоса эдалтизм «жастар кіші болғандықтан үлкендерге жол беруі керек» деген идеяны міндеттейді.

«Эдалтизмді қоғамдық көлікте жиі байқаймыз. Мысалы, автобуста «үлкен адамдарға орын беру қажет» дейді. Бұл дұрыс, бірақ жағдайға да мән берген жөн. Жас маман екі тәулік бойы ұйықтамай, жұмыс істеп, қатты шаршап тұрса, оның үстіне үйіне  дейін әлі 50 минут жүру керек болса, оны орын бермегені үшін сөккен дұрыс емес. Оның орнына жай ғана «Балам, маған орын бересің бе?» деп сұрап көру керек. Жас адам шамасы келсе, орын берер. Шамасы жетпесе «Ренжімеңізші, екі тәулік жұмыс істеп, шаршап тұрмын, бере алмаймын» десін. Міне, осы — сыйластық. Бірін-бірі сыйлау, ойын ашық айту, түсіну, кемшілігін көрсетсе де, оны төмендетпеу — қазақтың «үлкенге — құрметі, кішіге — ізеті». Тағы бір мысал — кей жұмыс орнында кішілер үлкен әріптестеріне «сіз» деп сөйлесе, үлкендері оларға «сен» деп жатады. Алайда олар жұмыста барлығы бірдей екенін, әріптес екенін ескеріп, барлығы бір-біріне «сіз» деп сөйлеуіне болар еді», — дейді Гүжан Амангелдиева. 

Ювенал эйджизм — кәмелет жасына толмағандарды алалау. Бұған көбіне балалар мен жасөспірімдердің пікірін елемеу, ойымен санаспау, оларды жеке тұлға деп қабылдамау және сезімін ескермеу, өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік бермеу жатады. 

Кей мұғалім балаға “топассың”, “мен білемін, сендер не білесіңдер” деп ұрысқанын қалыпты деп қабылдап жатады. Шын мәнінде, бұл — ювенал эйджизмнің бір белгісі, — дейді маман.

Хроноцентризм — бір ұрпақ өкілдерін басқасынан артық көру, яғни бір ұрпақ өкілдерінің екінші бір ұрпақ өкіліне көңлі толмауы, оларды алалауы. Хроноцентризмге қоғамдағы саяси жағдай, менталитет, дәстүр, көзқарас, мәдениеттегі өзгерістер ықпал етеді.

Үлкендерден «Біздің кезімізде жақсы еді», «Қазіргілер не болып кеткен?» деген сөзді жиі естиміз. Ал жастар үлкендерге «Сіздер бізді түсінбейсіздер, артта қалғансыздар» деп жатады. Екі жақ мұндай әрекетін «Біздің ортақ ойымыз жоқ» деп түсіндіреді, бірақ, шын мәнінде, олар іштей, бейсаналы түрде бірін-бірі алалап тұр. Бұл — хроноцентризм белгісі.

Эйджизмнің ең қиыны тұсы — үлкен шеңбер екені. Үлкендер жастарды, жастар үлкендерді сөгеді, кемсітеді, алалайды. Осылайша, шеңберді айналып жүре береді, — дейді маман.

эйджизм жас кәрі бала
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Адамдар не себепті эйджизмге әуес?

Психолог Гүлжан Амангелдиеваның айтуынша, адамның эйджизмге әуес болуының негізгі себептері — ішкі психология жағдайы, әлеуметтік, саяси сыртқы жағдайлар және насихат. Дегенмен ол эйджизм бейсаналы түрде жүретінін ескерген жөн дейді. Адамның ішкі қорқынышы оны эйджизмге итермелеуі мүмкін. 

Мысалы, үлкендер «Қазіргі жастар дым білмейді, оқымаған» деп жатады. Оның бұлай айтуына ішкі қызғанышы әсер етуі мүмкін, себебі жастар оның орнын тартып алуы ықтимал. Жастар ойын ашық айтады, ал үлкен кісіге оның бәрін қабылдау, түсіну қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан ол бейсаналы түрде эйджизмге барады. Енді бір адамдар өлімнен қатты қорқып, өзін егде жастағылардан қашық ұстауға тырысуы мүмкін, — дейді маман.

Эйджизмнің салдары 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, эйджизм адамның денсаулығы мен әл-ауқатына зиян: адамның дене, психологиялық денсаулығы нашарлайды, қоғамнан оқшауланады, жалғызсырайды, қаржы қауіпсіздігі төмендейді, өмір сапасы нашарлайды, мерзімінен ерте болатын өлім-жітім саны артады. Ұйымның статистикасы бойынша, дүниежүзіндегі депрессияға қатысты 6,3 миллион жағдай эйджизммен байланысты. Эйджизм жыныс, нәсіл, мүгедектік сияқты басқа да стереотиптермен бірлескенде, жағдай одан әрі ушығады.

Ал Гүлжан Амангелдиваның сөзіне қарағанда, эйджизм ең әуелі адамның өзіне деген сенімін төмендетеді.

Әсіресе адам бір кезеңнен екіншісіне өтіп жатқан кезде эйджизм салдары айқын көрінеді. Мысалы, адам зейнетке шыққанда, оқу бітіргенде немесе жұмыстан шығып жатқанда “Менің келесі қадамым қандай”, “Мен бұл жерге лайықпын ба, жоқ па”, “Осымен өмірім бітті ме?» деген сұрақтар мазалауы мүмкін, — дейді маман.

Оған қоса ол адам депрессияға ұшырауы ықтимал. Депрессия түрлі қауіпті созылмалы ауруға себеп болуы мүмкін. Бала мен жасөспірімің мінез-құлқы өзгеруі, бұзық болуы не тұйықталуы, тіпті суицидке баруы эйджизмнің салдары болуы әбден мүмкін.

Дегенмен эйджизм жалғыз өзі жүрмейді. Адамның күйзеліске түсуіне басқа факторлар да әсер етіп, жағдай ушығып жатады. Мысалы, өзгемен салыстыру, гендер теңсіздігі, қысым, пікірін елемеу және тағы басқа, — дейді маман.

Эйджизммен қалай күресуге болады? Шетел тәжірибесі

Кей мемлекетте эйджизммен күресу үшін құқықтық шаралар енгізілген. Мысалы, АҚШ-та 1967 жылдан бері 40 жастан асқан адамдарды жұмысқа аларда дискриминация жасауға қатаң тыйым салатын заң бар. Ал Нидерландыда адамдарды жасына қарай алаламас үшін вакансияларға профилактикалық тексеру жүргізіледі. Еуропалық Одақта жұмыспен қамту кезінде теңдікке қатысты директивасы бар.

Ресейдің Еңбек кодексінде ұлт, нәсіл, жыныс сияқты ерекшелікпен қоса, жұмысқа орналасу кезінде жасты кемсітуге болмайтыны жазылған. Ал 2013 жылдан бастап Ресей Федерациясындағы жұмыспен қамту туралы заңның 25-бабының 6-тармағы бойынша, жұмыс беруші бос жұмыс орны туралы хабарландыруында қандай жастағы қызметкерді жұмысқа алғысы келетінін жазуға тыйым салынады. Алайда «Қоғамдық пікір» қорының мәліметінше, заңнан кейін алалау жағдайы бұрынғыдан да көбейген. Өйткені жасы ұлғайған қызметкер әңгімелесуге барғанда оларды қалай қарсы алатынын білмейді және не себепті жұмысқа алмағанын түсінбейді. 

Қазақстан заңы не дейді?

заңгер Аида Өтесін
Фото жеке архивінен

Заңгер Аида Өтесіннің айтуынша, Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабы, 2-тармағы бойынша, тегіне, әлеуметтік, лауазымына және мүлік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді алалауға болмайды. Эйджизмді “жас ерекшелігіне қарай алалау” деп қарауға болады, яғни бұл — Конституцияға қайшы әрекет.

Ал Қылмыстық кодекстің 145-бабы, 1-бөлімі бойынша, адамның құқығы мен бостандығын кез келген мән-жай бойынша тiкелей немесе жанама шектеуге қатысты қылмыстық жаза көзделген. Жас ерекшелігіне қатысты дискриминацияны осы баппен қарастырып, қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады.

Алайда қазіргі таңда бұл бап «өлі баптар» қатарында. Себебі біздің қоғам, оның институттары және мемлекеттік органдар адам құқығы мен бостандығы қаншалық маңызды екенін әлі күнге дейін сезінбей келеді, — дейді маман.

Аида Өтесін — Қазақстандағы ең жас адвокаттың бірі. Ол да кәсіби жолында эйджизмге тап болғанын айтады. Дегенмен заңгердің сөзіне қарағанда, азаматтарға жас ерекшелігіне қарай дискриминацияға ұшырағанын дәлелдеу қиын, себебі Қазақстан заңнамасында “эйджизмнің” нақты түсінігі жоқ, белгілері де айқындалмаған. 

Қолымнан бар келетіні — өзімді заң бойынша қорғау. Сондықтан үнемі ресми түрде Бас прокуратураға шағым жазамын. Бірақ шағымдарымның бір де біреуін қанағаттандырған емес. Бас прокуратураның жалғыз әрі басты аргументі – дәлеліңіз жоқ. Сол себепті мен сияқты жас адвокаттарға психолог-терапевтерден көмек сұрауға тура келеді. Себебі біздің қоғамда жастарды құрметтемейді, бағаламайды, — дейді Аида Өтесін.

Адам өзін қалай қорғауы керек?

Психолог Гүлжан Амангелдиева эйджизмге ұшыраған адам өзін қорғай алуға тиіс екенін айтады. Ол үшін әуелі өзін тануы керек, «Не себепті эйджизмге тап болдым? Мұны қалай тоқтата аламын?» деп өзінен сұрауы керек. Кейін ішкі ашу-ызасын басып, ойын дұрыс жеткізгені абзал.

Мысалы, әріптесі оған «шай құйып бер» деп басынып айтса, «Сіздің мына сөзіңіз көңіліме тиді, сол себепті құймаймын. Басқаша айтсаңыз, қуана-қуана істер едім» деген сияқты өзінің позициясын білдіргені жөн, — дейді ол. 

Сонымен қатар өзіңді қорғау үшін және өзгенің құқығын таптамас үшін психология тақырыбындағы кітаптар оқып, тренингілерге, терапияларға қатысуы қажет екенін айтады.

Себебі бұлар жанымыздың түбінде жатқан дүниелерді тануға көмектеседі. Дегенмен психологияға ден қойып, өзіңді тану кезінде де абай болған жөн. Өзіңді тану мен қорғауды көкіректікпен шатастырып алмау қажет. Өйткені көкіректік те эйджизмге әкелуі мүмкін. 

Қорыта айтқанда, эйджизм — Қазақстанда да өзекті проблеманың бірі. Оған мысалдарды күнделікті өмірде көріп жүрміз. Заңгер Аида Өтесін бұл проблеманы шешу үшін заңнамаға «жас ерекшелігіне байланысты шектеу, алалау (эйдижзм)» түсінігін енгізу керек деп санайды. Сонымен қатар жоғарыда айтылған Қылмыстық кодекс бабы бойынша іс жүзінде адамдарды жауапкершілікке тарту қажет екенін, эйджизмге қатысты шағымдарды қанағаттандыруды маңызды ету керек екенін айтады.

Ал психолог Гүлжан Амангелдиеваның айтуынша, мемлекет зейнеткерлерге, жастарға, жасөспірімдерге мотивация беретін әрі эйджизмді жоюға көмектесетін түрлі бағдарлама, шара енгізгені жөн.

Ал сіз эйджизмге тап болғансыз ба? Құқығыңызды қалай қорғап жүрсіз? 

Тағы оқыңыз: Арыз, шағым, өтініш: айырмашылығы қайсы?