Қала маңындағы аудандар мен ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлау үшін 18 наурыздан бастап 22 наурызға дейін «Теміржолшылар», «Өндіріс», «Интернациональный», «Күйгенжар», «Мичурино», «Пригородный», «Ильника», «Көктал-1» және «Көктал-2»-де мерекелік концерттер өтеді.
Бүгін «Хан-Шатыр» ойын-сауық орталығының жанында 19 кигіз үй тігіліп, нағыз шығыс базары басталды. Таңғы сағат 10.00-де басталған шара 23 наурыздың кешіне дейін жалғасады.
21-22 наурыз күндері Астананың алаңында, атап айтсақ, «Қазақ елі» монументінде, қалалық әкімдік жанындағы ескі алаңда, «Қазақстан» спорт кешенінің жанындағы Студенттер паркінде, «Жастар» театрының маңында Наурыз тойланып, көже таратылады. Ал, 22-23 наурыз күндері «Астана Опера» театрының әртістері «Қыз Жібек» операсын ұсынады. Сонымен қатар, жуырда техникалық түрде ашылған «MEGA Silk Way» сауда орталығы 23 наурыз күні ресми ашылады. 22 наурыз күні сауда орталығының ішінде қолөнершілер жәрмеңкесі, садақ ату жарысы, мерекелік керуен, акробаттар шоуы өтпек. Бірақ, 22 наурыз күні сауда орталығы сағат 21.00-де жұмысын тоқтатып, 23 наурыз күні кешкі сағат 18.00-ге дейін жабық тұрады. 23 наурыз күні сағат 18.00-де ресми түрде ашылған сауда орталығы Наурыз мерекесіне орай тағы да керуен ұйымдастырып, театрландырылған «Жібек жолы» қойылымын ұсынып, Құстар шоуын өткізбек.