Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігі Қазақстан азаматтарын Ресейдің Украинамен шекаралас аймақтарына барудан бас тартуын ескертіп, үндеу жариялады.
«Ресейдің Украинамен шекаралас аймақтарында болып жатқан қауіпсіздік жағдайларына байланысты аталған аймақтарға барудан бас тартуды сұраймыз. Ресей Федерациясында, әсіресе Украинамен шекаралас аймақтарда жүрген еліміздің барлық азаматтарына міндетті түрде Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде консулдық есепке тұруды ұсынамыз. ҚР РФ елшілігінің жедел желі телефоны: +7-925-897-71-14» делінген елшіліктің ресми хабарламасында.
Ресейлік БАҚ-тардың хабарлауынша, 24 маусымға қараған түні Ростов облысында «Вагнер» ЖӘК қатарындағылар әскери көтеріліс жасауға әрекеттенген. Бұл туралы әскери компанияның басшысы Евгений Пригожиннен келіп түскен хабарламалардан кейін белгілі болды. Қазір Мәскеуде терроризмге қарсы іс-шаралар өткізіліп жатыр.