Алматыда Черепанов көшесі бойынша жол жүру қозғалысы уақытша шектеледі. Бұл туралы «Алматы жылу желілері» ЖШС хабарлады.
26-30 маусым аралығында Алматының Әуезов ауданында Черепанов көшесінің бойы Сүлейменов көшесінен Пришвин көшесіне дейін екі бағытта да көлік қозғалысы шектеледі, — делінген хабарламада.
Уақытша шектеулер мұндағы көлік жүретін жолдың астынан өтетін магистральды құбырды жоспарлы жөндеуге байланысты енгізіліп отыр.
Компания келтірілген қолайсыздық үшін алматылықтардан кешірім сұрайды. Сонымен қатар жүргізушілерге жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауға кеңес береді.
Еске салайық, Алматыдағы Желтоқсан көшесінің кей учаскелерінде көліктердің жүруіне тыйым салынған еді.
