Марат Сұлтанғазиев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында дәрігерлерді медицина қызметкерлері күнімен құттықтады.

Сіздерді медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Кез келген мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі – ел азаматтарының денсаулығын сақтау, әл-ауқатын арттыру. Адамның ең басты байлығы – денсаулық! Аймақтағы медициналық мекемелерде 3 мыңға жуық дәрігер мен 9 мыңнан аса орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Халықтың денсаулығын жақсартуға сіңіріп жатқан еңбектеріңізге зор ризашылығымды білдіремін, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Өңір басшысы ақ халаттылардың алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті.

Жылдан жылға осы салаға бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш 9,6 миллиард теңгеден асты. Облыстың медициналық мекемелеріне 2022-2023 жылдар аралығында 96 дәрігер маман жұмысқа қабылданды. Антына адалдық танытып, күн сайын ерлікке тең іс атқарып жүрген сіздердің әрқайсыларыңыз құрметке лайықсыздар, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада «Үздік стационар дәрігері», «Үздік денсаулық сақтау менеджері», «Үздік жедел жәрдем дәрігері» секілді номинация бойынша 10 қызметкер марапатталды. Сондай-ақ, Іле аудандық орталық ауруханасының акушер-гинекологы Гүлнәр Әнесоваға «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді.