Алматыда «Журналистер» аллеясы жыл соңына дейін қайта салынады

Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде аудан аумағында қандай саябақтардың қайта салынатынын мәлімдеді.

Ерболат Досаев ҚР мемлекеттік музейінің жанындағы саябақты қайта салу жұмыстары жаздың соңына дейін аяқтау жоспарланғанын, шілде айында «Самал-1» шағынауданындағы «Журналистер» аллеясын қайта салу жұмыстары басталып, жыл соңына дейін аяқталатынын, сонымен қатар тұрғындардың өтініші бойынша қыркүйек айына дейін «Алатау» шағынауданындағы Ибрагимов көшесінде саябақ салынатынын айтты.

Ауданның қоғамдық кеңістігін дамыту аясында Терренкурдағы су айдынының жоғарғы бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазір оны қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сонымен қатар жыл соңына дейін Терренкурға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі, — деді Ерболат Досаев.