TikTok пен ЮНИСЕФ интернет пен шынайы өмірдің тепе-теңдігін сақтауға қалай көмектеседі?

TikTok пен ЮНИСЕФ онлайн мен оффлайн өмірдің аражігін айыруға септесе ала ма? Екі қауымдастық бірігіп #ЦифрлыӨркендеу науқанын бастады. Бұл адамдардың желіде өткізетін уақытын бақылауға көмектеседі. Бұл туралы TikTok қолданбасының пиар бөлімі хабарлады.

Осы уаққа дейін қысқа бейнелерді жасаумен танымал болған TikTok қолданбасы ЮНИСЕФ-пен бірге интернет пен шынайы өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін #ЦифрлыӨркендеу науқанын бастады. Ендігі жерде психология мен онлайн-қауіпсіздік саласының сарапшылары TikTok-та отыратындар үшін арнаулы танымдық ұсыныстары бар бейнероликтер түсіруді қолға алмақ.

Оған қоса Қазақстандағы TikTok өз қауымдастығын қолданбаны қолданатын уақытын бақылауға шақыратын арнайы бейнероликтерді іске қосты. Бұл бастамаға Ninety One мен музыкант Baur Karbon топтары қатысып, қолданушыларға үзіліс жасап, интернеттен демалуын еске салып отырады. Мұндай бейнероликтер TikTok-та бір сағаттан артық отырғандарға көрінеді, — делінген TikTok таратқан хабарламада.

Бұл жоба Қазақстандағы қолданушылардың цифрлық сауатын көтеруге бағытталған. Жоба TikTok-тың «Қауіпсіздік академиясы» деген білім беру бастамалары аясында өтеді. Өйткені бүгінде көпшіліктің күнделікті өмірі жұмыс пен оқу арасындағы шапқылаудан бастап, шығармашылық пен қарым-қатынасқа дейін онлайн-кеңістікте өтетіні белгілі. Сондықтан қолданушылар өзінің нақты және цифрлық өміріндегі тепе-теңдігі мен интернеттегі алтын уақытын бақылап отыру қажеттігін түсінгені абзал.

Осы мәселеге орай TikTok өз қауымдастығының ақыл-ой және денсаулығына қамқорлық таныта отырып, цифрлық игіліктерді сақтаудың қолайлы тәсілдерін хабарлайды. Жоба Қазақстандағы TikTok қауымдастығына цифрлық өркендеу деген не, цифрлық гигиенаны қалай дамытамыз және бұған қандай TikTok құралдары көмектеседі дегенді жеткізуді көздейді.

Жоғарыда айтып өткендей, арнайы жоба үшін психология жөніндегі және онлайн-қауіпсіздік саласының жетекші сарапшылары қандай әдеттер цифрлық игіліктерді қолдауға және ата-аналар жеткіншекке интернет пен күнделікті өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға не көмектесетіні туралы іс жүзінде кеңес беретін танымдық бейнероликтер әзірледі.