Қазақстандықтарға енді 4%-тік кредитпен автокөлік сатылмайды

Қазақстанда 4%-тік жеңілдетілген автокредит бағдарламасы тоқтатылады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 4%-тік жеңілдетілген автокредит бағдарламасын қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Қайта жаңарту кезінде автокөлікті кредиттеу бағытын автобустарды несиелеу бағытына ауыстырамыз деген жоспар бар. Елімізде қоғамдық көліктердің көбі тозған. Мысалы Қостанайда автобустардың 90%-і, Орал, Талдықорғанда 70%-і ескірген. Біз бағдарламада түскен ақшаға қанша адам көлік ала алады, егер оның орнына автобустарды қаржыландырсақ, тиімділігі қалай, соның бәрін есептедік. Мәселен, қоғамдық көліктерді күніне 9 миллион 300 мың қазақстандық пайдаланады екен. Сондықтан біз ақшаны көбірек автобустар сатып алуға бағыттаймыз деп отырмыз, — деді Марат Қарабаев Ақорда кулуарында.

Оның айтуынша, қарапайым халық нарықтық ставкамен көлік ала алады.

Ол жерде екі бағдарлама бар ғой. Біріншісіне кезең-кезеңмен 82 миллиард теңге бөлінді. Ол қазір револьверлік әдіс бойынша өз алдына істеп тұр. 82 миллиард теңге бойынша 10-15% бастапқы жарна, қателеспесем несие мөлшерлемесі 5% болған. Бұл бағдарлама әрі қарай жалғасады. Бірақ одан түскен ақшаны қайда бағыттайтынымызды қосымша хабарлаймыз, — деді министр.

Ал екіншісі 4%-тік автокредит бойынша «Оператор РОП-тан» бөлінген 100 миллиард теңгеден түскен барлық қаржы енді қоғамдық көліктерді жаңартуға жұмсалады. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 4 миллиард теңге жиналған.