Биыл 514 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды

1 маусымға дейін 514 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Биыл 98 мың отбасындағы 514,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Осы мақсатқа бюджеттен 73,9 миллиард теңге бөлінді. АӘК отбасының әрбір мүшесіне, жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен азаматтарға тағайындалады.

Биыл 1 қаңтардан бастап бір-алты жастағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама көмектің табиғи нысанынан, монетизациялау форматына, яғни 1,5 АЕК мөлшерінде (5 175 теңге) қосымша төлем түріне ауыстырылды.

1 маусымдағы жағдай бойынша АӘК алушылар қатарындағы бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда – 157,2 мың балаға қосымша төлем тағайындалды.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, ауыл округінің әкіміне сонымен қатар egov.kz электрон үкімет порталы арқылы бере алады.