Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бір жылда 9,6%-ке өсті

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі кейінгі аптада өзгеріссіз қалды, ал жылдық мәнде 9,6%-ке өсті. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы хабарлады.

13 маусымдағы жағдай бойынша, әлеуметтік маңызы бар кейбір тауарлардың елдегі орташа бағасы: күріш – бір келісі үшін 431 теңге, макарон өнімі – келісі үшін 314 теңге, қырыққабат – келісі үшін 138 теңге.

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 атау кіреді. Баға өзгерісі туралы көрсеткіштер апта сайын жаңарып отырады.

Бағаның өзгеруі туралы ақпарат барлық облыс орталығынан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан жиналады. Ол үшін елдімекеннің әртүрлі бөліктерінде орналасқан тауарлардың кең ассортименті бар әртүрлі типтегі сауда объектілері (гипермаркеттер, супермаркеттер, дүкендер, коммуналдық базарлар, әлеуметтік дүкендер мен павильондар) таңдалады.