Алматыда салынып жатқан дүкен сот шешімімен бұзылды. Бұл туралы қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, дүкен ғимараты Шұғыла шағынауданы, Жүнісов көшесі, 47 үй мекенжайында заңсыз тұрғызылған.
Меншік иесі рұқсат құжаттары жоқ тұрғын үйді пайдалану және қызмет көрсетуге арналған учаскеде өз бетінше заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізген.
Басқарма меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 316-бабы 1 бөлігі, 321-бабы бойынша әкімшілік шаралар қабылдады және анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді.
Меншік иесі ұйғарым талаптарының орындалуы туралы ақпаратты тиісті уақытта басқармаға ұсынбаған, нәтижесінде 15.09.2022 жылы Наурызбай аудандық сотына заңсыз нысанды бұзу туралы талап арыз берілген, — делінген хабарламада.
Былтыр желтоқсанда Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының шешімі бойынша талап арыз толық көлемде қанағаттандырылды.
Сот шешімін орындау үшін меншік иесі нысанды бөлшектеу арқылы бұзатын болады.
