Бес айда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,5%-ке өсті. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.
Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, биыл былтырғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда Қазақстан экономикасы 4,5%-ке өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 3,6%, ал қызмет көрсету саласындағы өсім 4,9% болды. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып жатыр, әсіресе құрылыс, сауда, сонымен қатар ақпарат және байланыс саласы ең жоғары өсім көрсетті, — деді Әлібек Қуантыров үкімет отырысында.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17,2%-ке артқан.
Министрдің айтуынша, 2023 жылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 11,1%-ке өсіп, 44,4 миллиард доллар болды.
Экспорт 25,5 миллиард доллар болды. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 7,5%-ке ұлғайып, 8 миллиард долларға жетті. Тауарлар импорты 18,9 миллиард доллар. Жалпы оң сауда балансы 6,6 миллиард долларға тең, — деді министр.
Әлібек Қуантыров өңдеу өнеркәсібінде де оң өсім сақталып отырғанын айтып өтті. Өндіріс көлемі 3,3%-ке өскен.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 31,9%-ке, оның ішінде автомобиль жасау 40,8%-ке және электр жабдықтарын жасау 37,8%-ке ұлғайды, — деді Әлібек Қуантыров.