Өзбекстан президенті Қазақстан халқына көңіл айтты

Өзбекстан тарапының бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Өзбекстан президенті Абай облысындағы өрт салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты мемлекет басшысына және Қазақстан халқына көңіл айтты. Шавкат Мирзиёев мерт болған азаматтардың отбасыларының қайғысына ортақ екенін жеткізді.

Әңгімелесуде тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін тағы да растады және әлемдегі қазіргі жағдай туралы пікір алмасты.

Бұған дейін Семей орманшыларының қазасына Түркия үкіметі көңіл айтқан болатын.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.