12 маусым — Семей орманындағы алапат өрттен қаза болғандарды Аза тұту күні.
Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Алғашында 0,3 гектар аумақта ағаштар жанған, кейіннен өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.
9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.
10 маусымда өртті сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылған.
11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.
Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.
Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.
Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза болған азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
