Алматы тауларында адасып кеткен Грекия азаматы құтқарылды

«Волчья гора» шыңында адасып кеткен 55 жастағы Грекия азаматы табылды. Бұл туралы Алматының құтқару қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, «109» нөміріне 8 маусым күні сағат 21:37-де Грекия азаматы Г. «Волчья гораға» шығып, сол күйі оралмағаны туралы хабар түсті.

1968 жылы туған туристің жоғалып кеткені туралы ақпаратты ол тұрақтаған хостелдің иесі хабарлады. Оның айтуынша, турист оның телефонына орналасқан жері мен «қайтар жолдан адасқаны» туралы хабарлама жіберген, — делінген хабарламада.

Құтқару қызметінің құтқарушылары соңғы геомәлімет бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізіп, түнгі сағат 01:11-де жоғалған азаматты тауып, таудан түсірді. Турист дін аман, медициналық көмек қажет болмады.