Серікхан Айдарханұлы — PhD биотехнолог, әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университеті зертханасының жетекші маманы, агроном. Ол үш жылдан бері тағам қалдықтарын өңдеуге бағытталған жобамен айналысады. Ғалым бұл үшін «Қара сарбаз» шыбынын өсіреді.

Серікхан Айдарханұлының айтуынша, ғылымда Hermetia Illucens деп аталатын «Қара сарбаз» шыбынын өсіру — органика қалдығын өңдейтін ең тиімді әдіс. «Қара сарбаз» шыбыны көбіне Оңтүстік Африкада кездеседі. Ал оның дернәсілі кез келген қалдықты 99%–ке өңдей алады. Дернәсіл — жәндіктің шыбынға айналғанға дейінгі түрі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Барлық үйден күн сайын тағам қалдығы шығады. Қазақстанда ол көбіне қоқысқа кетеді, кейін полигонға жөнелтіледі. Кей қалдық толық шірімейді, салдарынан метан бөлінеді. Оның қоршаған ортаға зияны көп. Біріншіден, бұл жаһандық жылыну процесін жылдамдатады. Екіншіден, полигондағы қоқыс ауаны, топырақты, суды ластайды. Үшіншіден, бұл — ысырап, — дейді биотехнолог.

Ғалымның «Қара сарбаз» шыбынын өсіріп жүргеніне үш жыл болды. Бірақ бұл шыбын түрі Қазақстанда жоқ екен, сол себепті ол ең әуелі шыбынның дернәсілін Ресейден алдыртады.

«Қара сарбаз» дернәсілі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл құрттың (дернәсіл) бір литрі — 3000-4000 теңге, бір литрде шамамен мың құрт болады. Мұндай құрттың үш-төрт литрі 300-400 келі қалдықты өңдей алады. Жәндіктің жұмыртқадан шыбынға айналуына 45 күн қажет. Сол 45 күннің алғашқы екі аптасында дернәсілді тағам қалдығы салынған «бассейнге» саламыз. Олар сол «қоқысты» азық етіп жеп, өсіп шығады, — дейді агроном.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кейін ол қара түсті құртқа айналып, шыбын болуға дайындалады. Үш апта ішінде құрт шыбынға айналады. Екі аптада шыбын жұмыртқалап, өз тіршілігін тоқтатады. Ал цикл жалғаса береді, — дейді маман.

Жұмыртқалау процессі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Маманның айтуына қарағанда, бұл шыбын түрі Қазақстанның климатында тіршілік ете алмайды, сол себепті олар шыбындарды арнайы инсектарийде ұстайды. Инсектарий — жәндіктерді қолда ұстап, өсіріп, көбейтетін тор. Ол жердегі жарық, жылу және ылғал дұрыс болуы қажет. Арнайы тор қойылған бөлмедегі ылғал деңгейі — 70%, бөлме температурасы 25-28 градус болуы керек. Шыбындардың адамға қаупі жоқ, шақпайды, тек көбейеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Шыбын өсіретін инсектарий. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Серікхан Айдарханұлы шыбын дернәсілі өңдеген қалдықтың пайдаға жарайтынын айтады. Мысалы, ғалым шыбын дернәсілі арқылы табиғи таза тыңайтқыш өндіріп отыр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Өңделген қалдықтан тыңайтқыш өндіре бастадық, мұны «зоогумус» деп атайды. Оны құрғақ және сұйық түрінде пайдалануға болады. Сұйық тыңайтқыштың құрамы жақсы, бірақ әзірге тәжірибе деңгейінде тұр. Байқағаныңыздай, мүлдем қалдырмаймыз. Бәрі пайдаға асады, — дейді ол.

Ғалым тыңайтқыштар зиянкестермен күресте өте тиімді екенін айтады. Университет жылыжайындағы өнімдерді өсіру үшін де осы тыңайтқыштар қолданылып жатыр екен.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мұндай әмбебап тыңайтқыш жылыжай фермалары мен гүл сататын дүкендерде жоғары сұранысқа ие. Құрттарды әртүрлі үй жануарына, оған қоса балықтарға, қосмекенділер мен бауырмен жорғалаушыларға, құстарға мен кеміргіштердің кейбір түріне жем ретінде беруге болады. «Қара сарбаз» шыбынының дернәсілімен қоректенген үй құстары 15-20%–ке көп жұмыртқалайды және ауырмайды, — дейді ол.

Ғалым шыбын дернәсілін өсіру арқылы тыңайтқыш сатып қана қоймай, дәруменге толы өнім саудасымен де айналысады екен. Құрттың бір бөлігін көбейту әрі қалдықты өңдеу үшін торға, бассейнге салса, енді бір бөлігін арнайы аппаратқа салып кептіріп, өнім жасайды екен.

Кепкен құрт дәрумендерге бай болады, — дейді биотехнолог

Кепке құрт. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл өнімді көбіне құс өсіретіндер, балық шаруашылығымен айналысатындар жем ретінде сатып алады екен. Серікхан Айдарханұлы кепкен құртқа сұраныс жоғары екенін айтады.

Зоодүкен иелерінің айтуынша, сұраныс күн санап артып келеді. Кірпі, кесіртке, тағы басқасын асырайтын адамдар да жиі сұрайды екен. Сонымен қатар кепкен құрттың ұнтақталған түрі де жақсы өтетінін байқадық. Ірі қара малдың азығына «Қара сарбаз» шыбынының дернәсілін ұнтақтап араластырса, дертке шалдығуы азайып, сүт өнімділігі артады. Мұндай малдың еті де құнарлы болады. Өйткені құрттардың денесінде барлық аминқышқылдар, соның ішінде лизин және метионин сияқты биологиялық құнды заттар бар. Сонымен бұл құрттардың биомассасы ферменттерге, дәрумендерге және пайдалы микроэлементтерге бай, — дейді ол.

Қазір ҚазҰУ-дан шығатын тағам қалдығының бәрі осы технология бойынша өңделеді. Серікхан Айдарханұлы жобаға қызығатындар көп дейді.

ҚАЗҰУ-дың қалдығын толық өңдеп отырмыз. Шамамен 3-4 тонна қалдықты өңдеуге шамамыз жетеді. Жобаға басқа университеттер емес, көбіне құс өсіретіндер қызығып жатыр. Себебі құрттар тауық көңін өңдейді. Тауық көңін бұдан басқа ешбір организм өңдемейді. Олар кейін көңнен арылып, одан тыңайтқыш өндіреді. Ал құрттарды тауықтарға жем етіп береді, — дейді ғалым.

Бизнес-жоба

Биотехнологтың айтуына қарағанда, бұл жобаны табыс әкелетін кәсіпке айналдыруға болады. Бес жыл ішінде трендке айналуы мүмкін кәсіпті бастау үшін 50-60 мың теңге қажет екен.

Қарапайым құс фермаңыз болса немесе басқа да жануар өсірумен айналысатын болсаңыз, үйіңіздің аумағында кішігірім инсектарий жасап, «қара сарбаз» өсіруіңізге болады. Қазіргі басты мақсатымыз елдегі фермерлерге осы технологияны таныстыру болып тұр. Біріншіден, адам қалдықтан арылады, сосын тыңайтқыш өндіріп, оны сатып, сапалы өнім алуға үлес қоса алады. Бұл үшін көп ақша керек те емес. Шыбынға айналатын дернәсілдің литрі — 3000-4000 теңге. Инсектарийдің материалы арзан, температураны сақтап тұратын бергіштерін (датчик) сатып алуға және өзге ұсақ-түйекке жалпы 50-60 мың кетеді. Бұл алдағы жыл ішінде кәдімгідей табысты дүниеге айналуы мүмкін. Халық бұл жайлы енді біліп келеді, демек сұраныс та арта береді. Ал алдағы бес жылда бұл кәсіп миллиондаған табыс әкелетініне де күмән жоқ, — дейді ол.

Серікхан Айдарханұлы ғылыммен айналысамын деген адамға мемлекет жағдай жасап отырғанын айтады. Ол жобаны дұрыс таныстыра алған әр азамат ғылымға үлес қосып, табыс тауып, қоғамға да көмегін тигізе алады дейді.

***

Тағы оқыңыз: 

Өндіріс орнынан репортаж: Биологиялық белсенді қоспа қалай өндіріледі?