Қазақстанда жылдан-жылға химия ғылымы мен саласы дамып келеді. Мысалы, Алматыда биологиялық белсенді қоспалар шығаратын Akyldy food supplements компаниясы бар. Ол былтыр ашылған еді. Baribar.kz тілшілері компанияның негізін қалағандардың бірі химик Диас Тастанбековпен әңгімелесіп, өндіріс орнының жұмысымен танысып қайтты.

Қазіргі уақытта адамдар дәрумен ретінде түрлі биологиялық белсенді қоспа (ББҚ) ішеді. Дегенмен көбі олардың қалай жасалатынын, өндірілетінін білмейді. Елдегі сондай қоспаның кейбірін Akyldy food supplements (AFS) компаниясы дайындайды. Бұл компанияны Диас Тастанбеков досымен бірге бір жыл бұрын ашқан.

Арман Тосқанбаев деген досым екеуіміз серіктес болып, 2022 жылы биологиялық белсенді қоспаларды дайындайтын компания аштық. Бұған дейін Арман бес-алты жыл осы биологиялық белсенді қоспаларға қатысты жұмыспен айналысып жүрді. Ол елге дайын қоспаны көбіне Жапониядан әкелетінін. Ал оны жеткізу қымбатқа түсетінін байқаған. Содан кейін қоспаны өзіміз өндірейік деген ұсыныс тастады. Бұл еліміздің химия өндірісінің дамуына, адамдардың биологиялық белсенді қоспаны тиімді бағада сатып алуына мүмкіндік береді, — дейді Диас Тастанбеков.

Диас Тастанбеков. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Маманның айтуынша, олар келісім өндірісі бойынша жұмыс істейді, яғни қоспаларды әр тұтынушыға емес, алып сатамын дейтін компанияларға сатады.

Мысалы, бір дүкен бар делік. Ол жерде бауырсақ, бәліш, тәтті сатылады, бірақ оны өзі әзірлемейді. Оларға басқа бір асхана пісіріп береді. Біз сол асхана сияқтымыз. Біз дүкендерге, ал олар адамдарға сатады, — дейді Диас Тастанбеков.

Диас Тастанбеков. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Химик олардың өндіріс орны биологиялық белсенді қоспаны тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасап беретінін айтады.

Біреу круассан, біреу бауырсақ қалайтынындай, әркім әртүрлі қоспа сұрап келеді. Кейде «Қоспаны қалай жасасақ екен?» деп бізбен кеңеседі, кейде өздері нақты бір құрамды қалайды. Әрине, қоспаның құрамы, мөлшері қаншалық дұрыс екеніне назар аударамыз. Дұрыс емес, адам ағзасына зиян затты байқасақ, бірден ескертіп айтамыз. Оның үстіне біз тек ББҚ өндіруге рұқсат беретін сертификаты бар компаниялармен жұмыс істейміз. Десе де, қоспаның сапасына тапсырыс берген компанияның өзі жауап береді, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Диас Тастанбеков компанияның мақсаты мен міндетін айтып болғаннан кейін өндіріс орнының жұмысын көрсетті. Онда кірмес бұрын үстімізге медицина халатын, басымызға медицина баскиімін киіп, маска тақтық.

Барлық қызметкер тазалықты сақтайды. Арнайы киіммен ғана кіреді. Бұл — өз денсаулығы үшін де, өнімнің таза болуы үшін де қажет шара, — дейді маман.

Химик ең әуелі шикізат сақталатын қоймадан бастады. Оның айтуынша, мұнда сезімтал шикізаттар сақталады. Қойманың температурасы шикізатқа арнайы ыңғайланған.

Шикізаттың қажет мөлшерін де осы қоймада өлшеп аламыз, — дейді маман.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қажет шикізаттың бәрін алған соң, оны V тәрізді миксерде араластырады. Бұл құрылғы барлық қоспаны жақсылап араластырып, ұнтақтайды.

Біз тек ұнтақпен жұмыс істейміз, — дейді Диас Тастанбеков.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кейін ұнтақты келесі құрылғыға салады. Ол аппарат ұнтақты капсуланың ішіне құйып, дайын етіп шығаруға мүмкіндік береді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жоғарыда көрсетілген құрылғы сағатына кем дегенде 10 000 капсула жасап шығарады. Дегенмен техника да қателеседі. Капсуланың іші ұнтаққа дұрыс толмай қалуы мүмкін. Оған қоса басқа да олқылықтар болуы ықтимал. Сол себепті технолог маманы сорғыш құрылғы арқылы дұрыс-бұрыс капсулаларды бөліп, тексереді.

Бұл құрылғы капсуланың сыртына жабысып қалған ұнтақты алып тастайды, тазалайды. Ал қара құбыршек (шланг) дұрыс емес капсулаларды сорып алады, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қалған қоқысты да, сынған, бұзылған капсуланы да сорып алатын құрал бар.

Қалдықты тапсырыспен бірге тапсырыс берушінің өзіне береміз. Дегенмен қалдықты нормадан асырмауға тырысамыз, — дейді Диас мырза.

Қалдықты сорып алатын құрылғы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дайын капсулалар құтыға салынады. Алайда оны ешкім қолмен санап отырмайды, технологтар арнайы құрылғы арқылы санап салады.

Бөтелкенің ішіндегі капсула санын тапсырыс беруші белгілейді. Мысалы, біреулер «Бұл бөтелке үш айға жетуі керек, сол себепті ішінде 90 капсула болсын» дейді. Біз қалауын орындаймыз. Әдетте бір құтыда 90-120 капсула болады. Аппаратқа қажет санды жазып қоямыз. Ол құтыға қажет мөлшерін салып берген соң, автомат түрде тоқтайды, — дейді химик.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Құтыны кейде тапсырыс берушінің өзі әкеледі, кейде өндіріс орны өзі сатып алады. Оған биологиялық белсенді қоспаның қажет мөлшері салынған соң, қақпағы нығыздап жабылады.

Құтыдағы қоспа. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Дайын қоспа. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Компания биологиялық белсенді қоспаны өндіріп қана қоймай, істі соңына дейін аяқтап, сыртын да безендіріп береді. Оған да арналған құрылғылар бар. Олар арқылы этикеткасын жабыстырады, мерзімін басып шығарады.

Этикетканы жабыстыратын құрал. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сыртында тапсырыс берушінің атауы, логотипі тұрады. Дегенмен Қазақстан заңнамасы бойынша, бір шетінде оны өндірген компанияның да атауы, яғни біздің де атауымыз жазылуы қажет, — дейді Диас Тастанбеков.

Қоспаның мерзімін басып шығаратын құрал. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тапсырыс дайын болған соң, ол арнайы қызыл сызықпен белгіленген жерге қойылады. Содай кейін тапсырыс берушіге жөнелтіледі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Компания тазалыққа да жіті мән береді. Әр өндірістен кейін жұмыс орнының әр бөлмесі жиналып, жуылады.

Әртүрлі қоспаны қолданамыз, ал олар араласпауы керек. Сол себепті құрылғыларды жуып, бөлмені желдетіп тұрамыз,- дейді маман.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Диас Тастанбековтің айтуынша, өндіріс орнында шамамен алты-жеті қызметкер істейді. Олар да басқалар сияқты 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыста болады. Көбі — жас қыз-жігіттер.

Барлығы — химия, фармацевтика саласын бітірген маман, — дейді компания басшысы.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстанда кез келген адам биологиялық белсенді қоспаның кез келген түрін емін-еркін, дәрігердің нұсқауынсыз сатып ала алады. Дегенмен Диас мырза оны аурудың емі ретінде емес, көмекші дәрумен ретінде қолдануға кеңес береді.

Биологиялық белсенді қоспаның түрі көп. Біреуі бір адамға пайдалы болса, енді біріне еш әсерін тигізбеуі мүмкін. Дегенмен кез келген затты нормасынан асырмай, дұрыс пайдаланған жөн. Адам өз ағзасының қандай екенін ескеруі қажет. Оған қоса биологиялық белсенді қоспаны ауруды емдеу үшін емес, ауруды болдырмас үшін, профилактика үшін қосымша микро, макро дәрумен ретінде ішуді ұсынар едім, — дейді маман.

Осы күнге дейін өндіріс орны төрт компанияға биологиялық белсенді қоспаны дайындап берген. Алдағы уақытта тағы басқаларымен серіктес болуды жоспарлап отыр.