Қазақстанда Балық шаруашылығы комитеті құрылды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде Балық шаруашылығы жөніндегі комитет құрылды.

Бұл туралы министрліктің Telegram-дағы ресми каналы хабарлады.

Саланың жеке ведомствоға біріктірілуі жақында қабылданған балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға, балық өсіру, тұтыну және экспорт көлемін жоспарға сай арттыруға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Жаңа комитет алдында мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуына жол ашатын саланы мемлекеттік қолдау аясын кеңейту, заңнаманы жетілдіру, балық жемі өндірісін жолға қою, кадрлық қамтамасыз ету жұмыстарын атқару міндеттері тұр.

Еске салайық, елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамындағы Балық шаруашылығы комитеті 2014 жылы таратылған еді. Одан бері балық ресурстарын қорғау, тиімді пайдалану және көбейту саласындағы мемлекеттік саясатты Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті жүргізіп келді. Салаға қатысты міндеттердің комитет пен жергілікті атқарушы органдардың және балық шаруашылығындағы өзін өзі басқару субъектілерінің арасында бөлінуі орталықтандырылған түрде тиімді жұмыс істеуге кедергі келтіреді.

Ал жұмысты жүйелі түрде жүргізу арқылы мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей су ресурстарындағы балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізуге болады. Балық экспортын 300 мың тоннаға дейін арттыру жоспары да бар.