Биыл үш облыс күнбағыс алқабын ұлғайтты. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.
Биыл әкімдіктердің дерегі бойынша жалпы егіс алаңы 23,4 миллион гектар болды. Бұл 2022 жылғы деңгейден 68,6 мың гектар көп. Оның ішінде жаздық егіс алқабы – 20,9 миллион гектар. Дәнді дақылдар 15,6 миллион гектар алаңға егілді, егіс толығымен аяқталды.
Майлы дақылдар алаңы бойынша жоспар 3,3 миллион гектар еді. Ол жоспардың 97,4%-і орындалды. Былтырмен салыстырғанда майлы дақылдар алқабы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 50 мың гектарға, сонымен қатар Ақмола облысы бойынша 17,4 мың гектарға және Абай облысы бойынша 12,4 мың гектарға ұлғайтылды. Ақтөбе облысында майлы дақылдар алқабы бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмеді. Ал Батыс Қазақстан облысында жоспарланған өсімнің орнына 37,5 мың гектарға қысқарды, — деді Ербол Қарашөкеев.
Оның айтуынша, биыл қант қызылшасының ауданы 19 мың гектарға дейін жеткізілді.
Картоп егу толығымен аяқталды, егіс алқабы 6,7 мың гектарға ұлғайтылып, 197,5 мың гектарға жетті, оның 2 мың гектары Солтүстік Қазақстан облысында. Қант қызылшасының ауданы 19 мың гектарға дейін жеткізілді, бұл 2022 жылғы деңгейден 7,4 мың гектарға көп, егіс аяқталды, — деді министр.