Таиландта теңізге түскен қазақстандық көп су жұтып қойған, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің хабарына қарағанда, Қазақстан азаматының жағдайы ауыр, қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Ол жергілікті биліктің ескертуіне және тыйым салуына қарамастан, теңізге түсіп, көп су жұтып қойған. Кейінгі күндері Пхукетте қатты толқындар көтеріліп, жағалауға қызыл жалаулар шығарылған.
Біздің азаматтың денесін судан шығарғаннан кейін құтқарушылар оған жасанды тыныс жасап, дәрігерлерге тапсырды. Қазір ол жансақтау бөлімінде ем алып жатыр, — делінген хабарламада.
Отандасымызды Таиландтан Қазақстанға санавиация ұшағымен тасымалдау үшін қазақстандық дәрігерлер консилиумының қорытындысы қажет. Ол тай дәрігерлерінің медициналық шешімі негізінде жасалады.
Қазіргі таңда консул бұл мәселемен айналысып жатыр. Құтқарылған жігіттің ата-анасы Пхукетке ұшып барып, дипломаттармен бірге дәрігерлермен келіссөз жүргізіп жатыр.
Сыртқы істер министрлігі Таиланда демалып жатқан Қазақстан азаматтарына ескерту жасады.
Таиландта демалып жатқан Қазақстан азаматтарын жергілікті билік органдарының ережелері мен талаптарын сақтауға шақырамыз және метеорологиялық шектеулер кезінде теңізге түспеуді ескертеміз. Өкінішке қарай, бұл — кейінгі аптада Таиландта қазақстандықтар тап болған екінші оқиға, — делінген министрлік хабарламасында.