Теңіз кен орнының аумағында газ бөлу кешені салынады

KMG PetroChem мен Теңізшевройл газ бөлу кешенін салу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Газ бөлу кешені құрылысын Теңіз кен орнының аумағында жүргізу жоспарланып отыр.

Негізгі шарттар жобаны іске асырудың базалық параметрін, ТШО-ның KMG PetroChem компаниясына құрғақ газ жеткізу мен техникалық қызмет көрсету бойынша алдын ала шарттарды және объектіні салу мен пайдалану кезеңінде үйлестіру бойынша басқа да мәселелерді бекітеді. Құжатқа қол қою арқылы біз жоғары сапалы полиэтилен өндіретін ауқымды кешенді жүзеге асыруға бір қадам жақындадық, — деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, ТШО Қазақстан Республикасының елдегі индустрия мен экономиканың одан әрі дамуына серпін беретін мұнай-химия өнеркәсібін дамыту бойынша жоспарларына белсенді қолдау білдіруді жалғастырады.