Басты бетЖаңалықтарЕлімізде саяси...

Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарына қандай көмек беріледі?

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі саяси қуғын-сүргін құрбандарына мемлекеттік қолдау көрсету шаралары туралы хабарлады.

Қолданыстағы заңнама бойынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.

2003-2022 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 миллиард теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. 2023 жылға республикалық бюджетте осы аталған мақсаттарға 768 мың теңге қарастырылған, – делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, бұл мемлекеттік қолдаудың бір түрі ғана. Бұдан басқа, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сонымен қатар саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлерге әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлеріне қарамастан 1,07 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2023 жылы – 3 692 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

2005 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 15,5 миллиард теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2023 жылы жәрдемақы төлеуге 1,3 миллиард теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жәрдемақы алатындардың саны — 28 316 адам, – деді Айнұр Абдырахманова.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны әлеуметтік кодекс шеңберінде арттырылған жаңа 1,23 АЕК (2023 жылы – 4 244 теңге) мөлшерде алады.

Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді.

2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3 828 азаматқа 3 692 теңгеден 30 000 теңгеге дейінгі мөлшерде 48,6 миллион теңге сомасында біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.