Қазақстанда балет, би ансамбльдерінің, мемлекеттік цирк артистері мен үрмелі аспаптар оркестрлерінің музыканттары ай сайын әлеуметтік көмек алады.
Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты.
Орташа айлық еңбекақының 60%-і мөлшеріндегі арнайы ақшалай төлемді кемінде 20 жылдық кәсіби еңбек өтілі бар, кәсіби қызметін тоқтатқан сала ардагерлері алуға құқылы.
Арнайы көмекті тағайындау мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен сала қызметкерлерін әлеуметтік жағынан қорғау және қолдау мақсатында заң жобасына өзгетулер мен толықтырулар енгізудің нәтижесінде іске асты.
Аталған мәселе туралы салалық кәсіподақ жиындарында, азаматтарды қабылдау кезінде, сонымен қатар халықпен кездесулер барысында да жиі айтылып келді. Белгілі бір жасқа жеткенде, физиологиялық және эстетикалық сипаттағы ерекшеліктерге байланысты көптеген артистер зейнеткерлік жасты күтпестен кәсіптен кетеді. Себебі, 20-25 жылдық кәсіби қызметтен кейін көп жағдайда кәсіби ауруларға ұшырайды. Осыған байланысты министрлік сала ардагерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақсатында ай сайынғы арнайы көмек тағайындады, — деді Асхат Оралов.