Басты бетЖаңалықтарАлматы прокуратурасы...

Алматы прокуратурасы тұрғындарға үндеу жасады

Алматы прокуратурасы митиң өткізу туралы жалған хабарламаларға қатысты тұрғындарға ескерту жасады. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Әлеуметтік желілерде биылғы 31 мамырда жергілікті атқарушы органдармен келісілген митиңдер мен шерулерге қатысу туралы жалған хабарламалар мен арандатушылық үндеулер кеңінен таралған. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Бұл күндері Алматыда қандай да бір бейбіт жиналыстар өткізу келісілмеді. Осыған байланысты, жалған хабарламалар арқылы жарияланған акцияларды ұйымдастыру және оларға қатысу, сонымен қатар оларға шақыру заңсыз екенін ескертеміз. Өкінішке қарай, митиңде немесе өзге де бейбіт жиналысты өткізудің заңды тәртібін бірнеше рет түсіндіруге қарамастан, оны бұзу орын алып жатыр. Бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңмен бекітілгеніне назар аударамыз, — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, заң талаптарына қайшы митиңдерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабы бойынша жауаптылыққа, оның ішінде 25 тәулікке дейін қамаққа алу шарасына әкеп соғады.

Сондықтан заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларды, оларға жария түрде шақыруларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан бас тартуға шақырамыз. Құқық қорғау органдары белгіленген құқықтық тәртіпке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, кінәлі адамдарға заңда көзделген барлық шараларды қабылдайды, — делінген хабарламада.