2023 жылы БҚО-да 570 шақырым жол жөнделеді

Қазіргі таңда облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 176 шақырымды құрайды. Оның 4762 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар болса, 1414 шақырым жол республикалық маңызға ие.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев хабарлады.

Ағымдағы жылы Үкіметтің қолдауының арқасында 74 млрд теңгеге 570 шақырым жолды жөндеу көзделуде. Әсіресе республикалық маңызы бар автомобиль жолдары басты назарда. Атап айтар болсақ, ұзындығы 245 шақырымды құрайтын «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» автожолдарының күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 245 шақырым жолдың 125 шақырымы күрделі жөндеуден өтті, — деді өңір басшысы.

Сонымен қатар 144 шақырымды құрайтын «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» автожолының 2 учаскесінде жұмыстар жүргізіліп жатырса, қалған 2 учаскеде жыл соңына дейін мердігерлер анықталып, жұмыстар басталатын болады.

Бұдан бөлек ағымдағы жылы 27 млрд теңгеге 332 шақырым облыстық және аудандық жолдарды жөндеу жоспарлануда. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша жергілікті автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 52%-ға жеткізу мүмкіндігі бар, — деп атап өтті Нариман Төреғалиұлы.

Сонымен қатар биыл БҚО-да 2 мың шақырымнан астам инженерлік желілерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2023 жылы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 11,7 млрд теңге бөлініп отыр. Аталған қаражатқа 2 мың шақырымнан астам инженерлік желілерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылған.

Биыл Орал қаласының жылу электр орталығын жаңғырту мақсатында турбоагрегат пен градирняны қайта құру бойынша 4,8 млрд теңгеге екі жоба жүзеге асырылуда. Турбоагрегатты іске қосу нәтижесінде өндірілетін электр энергиясы 46 МВт-тан 58 МВт-қа ұлғаятын болады. Ал градирняны іске қосқан жағдайда, Жайық өзенінен алынатын техникалық судың көлемі 10 миллионнан 6 миллионға азайтылып, жылу-алмасу суларын Жайық өзеніне кері жіберуді тоқтатамыз, — деді Нариман Төреғалиев.

Сонымен қатар өңір басшысы облыстағы күрделі мәселе — электр желілерінің тозуы туралы да айтып өтті.

Өзіңізге мәлім, облысымыздың электр желілерінің тозуы 82%-дан асады. Тозуды 82%-дан 62%-ға дейін төмендету үшін облыстың 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары аясында 2 мың шақырымнан астам желіні қайта құру жұмыстар жоспарланған, — дейді облыс әкімі.