Қазір маусымдық аллергия жүріп жатыр. Бұл көктемде басталып, күзге қарай аяқталады. Адамның көбіне азық-түлікке, өсімдікке, түкке, шаң-тозаңға аллергиясы болуы мүмкін. Бұл ауру қысқа уақытқа, ұзақ уақытқа немесе өмір бойына созылуы мүмкін. Аллергиядан түбегейлі емделуге бола ма? Ол неден пайда болады? Аллергияға көп шалдығатындарк кімдер? Бұл сұрақтарға аллерголог Ұлдана Қапалбекова жауап берді.
Аллергия неден пайда болады?
Аллергия – бұл иммундық жүйенің қауіпсіз заттарды қауіпті ретінде қабылдайтын патологиялық реакциясы. Аллергияның шығу себебі өте көп.
Біріншіден, аллергия иммунитеттің әлсіреуінен пайда болады. Өйткені аллергия — иммунды ауру. Адамның иммунитеті төмендесе, оның аллергияға шалдығу ықтималдылығы жоғары болады.
Екіншіден, аллергия тұқым қуалауы мүмкін. Адамның анасында, әкесінде аллергия болса, онда баланың алллергияға шалдығу ықтималдылығы 80-70% болады.
Үшіншіден, күйзелісте жүрген адамның бойынша кортизол (стресс гормоны — ред.) көп бөлініп, ақыр аяғы ол аллергияға айналып кету мүмкін.
Аллергия кезінде адамда әуелі асқазан, ішек, бауыр, өт жолы бұзылады. Оған қоса экологияның нашарлауы, тағамға қосылатын зиян қоспалар да әсер етеді.
Аллергиялық аурулардың түрлері және олардың негізгі белгілері қандай?
Аллергияның белгілері аурудың түріне байланысты.
Атопиялық дерматитке шалдыққан адамдардың тамаққа аллергиясы болады. Мысалы, цитрусқа, сүтке, балыққа. Оның белгілері – терінің қышынуы, бөртпенің пайда болуы.
Аллергиялық ренит – жоғарғы тыныс жолдарының қабынып, адамның шаң-тозаңға аллергиясы болады. Жоғарғы тыныс жолдарына мұрын қуысы, жұтқыншақ, ауыз қуысы жатады. Аурудың белгілері мынадай: түшкіру, мұрынның бітелуі, көздің қышуы. Бұған маусымдық аллергия да жатады.
Тыныс демікпесі де — аллергиялық ауру. Бұл жағдайда төменгі тыныс жолдары (көмей, кеңірдек, бронх) қабынады. Оның белгілері – ұзақ жөтел, ентігу және тұншығу. Бұл аллергиямен ауратын адамның шаң-тозаңға аллергиясы болады. Аллергия адам ағзасындағы бактериядан, инфекциядан, паразиттен, вирустан пайда болу мүмкін.
Есекжем – тамаққа, дәрі-дәрмекке аллергияның болуы. Есекжем екі түрге бөлінеді: жіті және созылмалы. Жіті есекжемге қарсы ем алғанда, ауру 10-14 күннен кейін қайтады. Ал созылмалы есекжемді жою ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.
Дәрі-дәрмекке аллергия болғанда адамның қан қысымы төмендеп, есінен танады. Оған қоса науқас анафилаксиялық шок алып, тіпті өліп кету мүмкін. Олар көбіне антибиотик, ауырсынуды басатын дәрілерден болады.
Қай жастағы адамдар аллергияға көп шалдығады?
Аллергия жас таңдамайды. Барлығы иммунитетке байланысты. Енді туған балада да, жасы үлкен кісіде де аллергия пайда болуы мүмкін. Бірақ нәрестелерде көбіне атопиялық дерматит кездеседі. Ал жастар, жасөспірімдер аллергиялық ринитпен көп ауырады. Ішкі құрылыстың бұзылуының әсерінен қарт кісі де аллергияға шалдығуы мүмкін.
Аллергия емделе ме?
Адам аллергиядан толық арыла алады, бірақ, жоғарыда айтқанымдай, мұның бәрі иммунитетке байланысты. Оған қоса аллергиядан жазылу үшін көп уақыт және күш жұмсау керек.
Дер кезінде қолға алып, дәрі-дәрмекті уақтылы ішкен жөн. Ішекті, иммундық жүйені толықтай қалыпқа келтіру қажет. Әуелі адам дұрыс тамақтануы қажет. Түрлі қоспасы бар тағамдарды жемеуі, газдалған су ішпеуі керек. Дұрыс ұйықтап, спортпен шұғылданып, күйзеліске түспеуге әрекет қылғаны дұрыс.
Адам ағзасының қайта қалпына келу процесі жақсы болса, аллергиядан жазылуы әбден мүмкін. Тоқетері, иммунитетті көтеру керек.
Аллергияны қыста емдеу керек пе?
Қыста анықтап, емдейтін аллергияның түрі — аллергиялық ренит. Өйткені көктемде өсімдіктер гүлдеп, жаз бойы тұрады. Ол кезде аллергия асқынып, адам дұрыс емделе алмайды. Ал қыста, өсімдіктер жоқ кезде адамның қай өсімдікке аллергия бар екенін анықтап, емдеуге болады.
Аллергия өзімен өзі кетуі мүмкін бе?
Аллергия өзімен өзі кетуі мүмкін, бірақ кепілдік аз. Көбіне жасөспірімдерде, бала туған әйелдерде аллергия өзімен өзі кетіп қалады. Өйткені осы уақытта гормондар өзгереді. Өзгеріс кезінде ағзадағы аллергия жойылып кету мүмкін.
Алматыда аллергияға шалдығатындар неге көп?
Алматының экологиясы, ылғал екені адам ағзасына зор әсер етеді. Ластанған ауа тыныс алу жолына кері әсер етіп, көп адам аллергияға шалдығуы мүмкін. Сондықтан Алматы тұрғындары көбіне ренит, тыныс демікпесімен ауырады.