Артығалиева Данара Нұрланқызы, жоғары дәрежелі аллерголог-иммунолог дәрігер, аллергологтар мен клиникалық иммунологтардың Еуропалық Академиясының мүшесі:

Сәбиді екі жасқа толғанға дейін дұрыс тамақтандыру оның денсаулығы үшін маңызды рөл атқарады. Аллергия — осы кезеңдегі ең басты мәселелердің бірі. Ерте жастан пайда болған аллергияның өмір бойына дейін қалып қою қаупі жоғары. Қазіргі таңда аллергиялық аурулар өткір инфекциялық аурулардан кейін екінші орында тұрғанын да ескергеніміз жөн.

Сәбиді аллергиядан қалай қорғауға болады? Осы сұрақ төңірегіндегі аллергия жайлы төмендегі 9 дерек сіздерге көмектесе алады.

1. Аллергиясы бар балалар саны артып келеді

Қазақстанда 2015-2016 жылдар аралығында аллергияға шалдыққан 0-ден 14 жасқа дейінгі балалар саны 20%-ға артқан.

Аллергия, Қазақстан, Бала

2. Барлық баланың аллергияға шалдығу қаупі бар

Отбасында аллергик болса, баланың да осы ауруға шалдығу қаупі жоғары. Сол себепті сізде немесе туыстарыңызда осы ауру кездессе, сәбиді аллергиядан қорғауға ерекше көңіл бөліңіз. Сондай-ақ, туыстарыңызда аллергияның қай түрі кездесетіні маңызды емес екенін де ескеріңіз. Отбасы мүшесінде демікпе, аллергиялық тұмау, есекжем немесе атопиялық дерматит болса, сәбиді ерекше қамқорлыққа алыңыз.

Ауру тұқым қуалайды ма?

Жоқ, тұқыммен аллергияның клиникалық көріністері емес, тек оған бейімділігі беріледі.

Ескеріңіз: мегаполистерде тұратын балаларда аллергиялық реакцияның даму қаупі артады: бұған иммунитетті айтарлықтай төмендететін экологиялық нашар орта әсер етеді.

Аллергия, Қазақстан, Бала

3. Атопиялық дерматит - сәбилер арасында кең таралған аллергия

Атопиялық дерматиттің белгілері: терінің қызаруы, бөртуі, қышуы, қабыршақтануы және терінің құрғап, жарықшақтануы, жара болуы. Сәби шақтан басталатын бұл ауру баланың ғана емес, барлық отбасы мүшелерінің денсаулығына кері әсер етеді. Көп жағдайда дәл осы ауру созылмалы процестердің бастауы болады. Сәби кезінде атопиялық дерматитке шалдыққан балалар болашақта да осы аллергиядан зардап шегуі мүмкін.

Аллергияның клиникалық көріністері көп жағдайда қабысуы мүмкін: атопиялық дерматит пен аллергиялық ринит немесе бронхтық демікпе, яки асқазан-ішек жолдары тұрғысынан аллергиялық көріністері. Осыларды ескере отырып, сәби өмірінің алғашқы апталарынан бастап, аллергияның алдын алуға кірісу қажет.

Аллергия, Қазақстан, Бала

4. Ана сүті — мықты қорғаныс

Сәбиді аллергиядан қорғай аламыз ба?

Әрине! Баланы аурудан қорғауды дүниеге келген сәтінен бастау қажет. Оны аллергиядан сақтаудың ең қарапайым тәсілі — емізу. Ғалымдар ана сүтінің аллергияға қарсы «иммунитетті» бала бойына сіңіретінін дәлелдеген. Ана сүті бала ағзасының аллергендерге сезімталдығын төмендетеді. Сондай-ақ сәбидің иммундық жүйесін табиғи жолмен күшейтеді. Ана сүті - бифидобактериялардың қайнар көзі. Сонымен қатар, ол иммундық жүйенің дұрыс қалыптасуы мен дамуында және аллергияның алдын алуда басты рөл ойнайды. Ішектің сау микрофлорасын сақтайды. Қосымша тағамдарсыз-ақ, анасының емшек сүті ғана сәби өмірінің алғашқы 6 айында аллергияға шалдығу қаупінен сақтайды.

Ескеріңіз: тағамдық аллергияға шалдыққан балаларды емізгенде, анасы сәбиде аллергия тудыратын аллергендерді қоспай, диета ұстауы қажет.

Ана сүті, бала, аллергия

5. Сиыр сүтінің ақуызы — мықты аллерген

Сиыр сүті пайдалы әрі нәрлі заттектерге бай. Алайда сиыр сүтінің қуаты өзінің төліне, бұзауға лайықталып жаратылғанын ескеріңіз. Сәбидің нәзік ас қорыту жүйесі үшін сиыр сүтінің құрамындағы кейбір заттектер шамадан тыс ауыр болып саналады. Себебі сиыр сүтіндегі ақуыз деңгейі сәбиге қажетті мөлшерден үш есе жоғары. Сондай-ақ, сиыр сүті ақуызының құрамы емшек сүтінің ақуызынікімен салыстырғанда, мүлде бөлек.

Ескеріңіз: сиыр сүті - сәби өмірінің алғашқы жылында ең көп таралған аллерген. Сондықтан сиырдың, сонымен қатар ешкінің сүтін екі жасқа дейінгі балаларға беру ұсынылмайды. Оған қоса, емшек сүтін сиыр сүтіне айырбастауға болмайды!

ана сүті, сиыр сүті, сәби

6. Ешкі сүтінен аллергия туу қаупі сиыр сүтінікіндей жоғары

Сиыр мен ешкі сүттерінің ақуызы 84-95%-ға гомогенді, яғни құрылымы бойынша ұқсас. Демек, ешкі сүтінен аллергия туу қаупі сиыр сүтінікіндей жоғары. Егер сәбиде сиыр сүтінің ақуызына аллергия туу қаупі бар болса, оның рационына өзге де сүтқоректілердің сүтінің өнімдерін қосуға болмайды.

Сәби, емізу, ешкі сүті

7. Қосымша сүт қажет болған жағдайда гипоаллергенді қоспаларды таңдау ұсынылады

Емшек сүті жеткіліксіз немесе суалып қалатын жағдайлар болады. Мұндай кездерде қосымша сүт, яки тағам енгізу қажет болады. Аллергиялық реакциялардың туу қаупін төмендету үшін мамандар гипоаллергенді қоспаларды ұсынады. Мұндай қоспаларда ақуыз ішінара ыдыратылған. Олар сәбидің ағза қорғанысын және ақуызға беріктігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Назар аударыңыз: ақуыздың жеткілікті мөлшері ғана емес, оның сапасы мен дұрыс гидролизі де маңызды. Ақуызды ыдырату технологиялары әр өнімде әртүрлі, ал бұл түрлі қоспалардың тиімділігіне әсер етеді. Сондықтан гипоаллергендік қоспа тиімділігінің клиникалық дәлелі болуы маңызды. Қажет болған жағдайда міндетті түрде дәрігеріңізге жолығыңыз.

Гипоаллерген, ана сүті

8. Қосымша тағам енгізгенде, бірнеше ережені ұстану қажет

Ең алдымен сәбиге бір құрамды тағамдарды (өнімнің бір ғана түрінен тұратын) ұсыну қажет. Бұл аллергиялық реакция туындаған жағдайда, оның неден пайда болғанын бірден анықтауға көмектеседі. Алғашқы ботқа ретінде сүтсіз, глютенсіз (күріш, қарақұмық, жүгері) ботқаларды беру ұсынылады. Оларды емшек сүтіне немесе гипоаллергенді қоспаларға езіп беруге болады.

Алғашқы жеміс және көкөніс тағамдары да бір құрамды болуы тиіс. Сондай-ақ, тәттіні де шектеуді ұмытпаңыз.

Қосымша тағам, сәби

9. Өмір бойы емдеп жүргеннен, арурудың алдын алу - әлдеқайда дұрыс шешім

Емшек сүті — сәби үшін ең мінсіз тағам. Ана сүтінің құрамында сәбидің иммундық жүйесін қалыптастыратын иммундық факторлар бар. Сондықтан баланы барынша ұзақ мерзім емізу қажет. Қосымша тағам ретінде сәбиге сиырдың немесе ешкінің сүтін беру ұсынылмайды. Себебі, олар - аллергияны тудырушы негізгі факторлар. Қосымша сүт енгізу қажет болған жағдайда, дәрігермен міндетті түрде ақылдасып, қосымша сүтке қатысты ұсыныстарын білу маңызды екенін ескеріңіз.

Ана сүті - ағзаның ең мықты қорғанысы, соның ішінде аллергиядан қорғайтын үздік тағам.

ана сүті. бала

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!